Мәжіліс «Союз-2» зымыран тасығышын ұшыру бойынша заң жобасын мақұлдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мәжіліс «Союз-2» зымыран тасығышын ұшыру бойынша заң жобасын мақұлдады

12.05.2021

Байқоңыр ғарыш айлағынан жаңа зымыран тасығышы ұшырылғалы жатыр. Осы ретте Мәжіліс Қазақстан мен Ресей арасында «Союз-2» аппаратын қолдану туралы заң жобасын мақұлдады. Бұл интернеттің жылдамдығын арттыруға оң септігін тигізе ме? Тақырыпты Нысаналы Ығыл тарқатады.

Елде 1200 ауыл ғаламторға қосылмаған. Тағы 510-да байланыстың жылдамдығы төмен. Келеңсіздік ертелі-кеш шешіледі деп жүргелі де 10 жылдың жүзі болды. Енді, әлемді кең жолақты интернетпен қамтитын OneWeb халықаралық жобасы іске асқалы жатыр. Бұл қазақ-орыс арасындағы келісімге негізделген «Союз-2» зымыран тасығышын ұшыру арқылы мүмкін болады. Сөйтіп, келер жылы интернет мәселесі түбегейлі шешіледі,-деп сендіріп отыр министр. Бірақ, мәжіліс төрағасы күдігін жасырмады.

Нұрлан Нығматулин, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:
Осы жұмыстарды бір нәтижеге алып барыңызшы. Елден, халықтан ұят емес пе? 5 рет уәде берген бұрынғы министрлер. 5 рет жылжытты айтқан мерзімді. Бүгін мінеки, 2022 жыл дейсіз.

«Союз-2» зымыраны керосин-оттегімен ұшады. Жылына 3 ретке дейін. Сынықтары Қостанай облысы Жангелді ауданының аумағына құлайды. Бұған 460 мың АҚШ доллары беріліп, аудан бюджетіне түседі. Ғарыш аппаратын ұшыру кезінде айналаның қауіпсіздігі пысықталған. Киіктердің төлдеуі мен құстардың ұя салу мезгілінде зымыран көкке көтерілмейді. Рұқсат жоқ.

Бағдат Мусин, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
Тасымалдағыш зымыранды әрбір ұшырған сайын жақын маңдағы елдімекендердің тіршілік ортасына гигиеналық баға беріліп отырады. Қоршаған орта нысандарының сынамалары алынып, тұрғындардың денсаулығына скрининг жүргізіледі.

Бірақ, апатты жағдай болса шығынды өтеу қиынға соғып тұр. Өйткені, мәселенің осы тұсы 1999 жылғы екі ел арасындағы келісімде үстіртін жазылған. Нақтылық жоқ.

Марат Сыздықов, ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары:
Иә, жеке келісім бар. Ресей тарапы шығынды өтеуге кепіл болады. Бірақ, іс жүзінде олай емес. Қағазбастылық. Мысалы, 2018 жылғы апатқа байланысты шығын әлі өтелмеді.

 Бұл проблемаға Үкімет деңгейінде қайта үңілетін болып келісілді. Ал, 5 жылдан соң гептилмен ұшатын Протон зымыранының қолданысы мүлдем тоқтайды.

 Нысаналы Ығыл, тілші:
Сондай-ақМәжіліс «Байқоңыр» ғарыш айлағын жалға беру мерзімін 2050 жылға дейін ұзартуды мақұлдады. Жалпы, кешенді жалдаған 27 жылда бюджетке 3 млрд доллардан аса түскен. Бұдан бөлек қалада кәсіпкерлікті, туризмді дамыту, инфрақұрылымын жаңғырту және үймен қамту бойынша бағдарлама жүріп жатыр.

Нысаналы Ығыл

Хабарламаларға жазылу