Bek Air ұшағының апаты: Жерді заңсыз сатқандар сотталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Bek Air ұшағының апаты: Жерді заңсыз сатқандар сотталды

12.05.2021

Алматы облысында әуежай маңынан заңсыз жер берді деп айыпталған экс шенділерге қатысты сот аяқталды. 2019 жылы 27 желтоқсанда Қызылту елді мекенінде болған ірі ұшақ апатынан кейін сол маңдағы жер телімдерінің заңсыз сатылғаны анықталды. 5 шенеунік пен жер сатуға қатысы бар риелторғы қатысты іс қозғалған. Сот қандай үкім шығарды? Тараптар жазамен келісе ме? Бұл туралы Нұрхан Нұрланұлы айтуға дайын.

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
Иә, көпке созылған іске бүгін ақыры нүкте қойылды. Сот үкіміне сәйкес делдал риелтор Нұрайым Алданыш 2 жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Талғар ауданы жер қатынастары бөлімінің бұрынғы басшысы Рустам Тұрысбеков 4 жыл 1 айға, дәл осы бөлімнің тағы бір экс басшысы Қайрат Алтынбекұлы 3 жылға бас бостандығынан айырылды. Қалған үш экс шенеунікке 3 жылға бас бостандығынан шектеу жазасы тағайындалды.
Бұған дейінгі сот отырысында соңғы сөзін сөйлеген экс-шенеуніктер 3-4-тен кәмелет жасқа толмаған балалары бар екендігін айтып, бас бостандығынан айырмауды сұрады. Дегенмен олар өз кінәсін толық мойындап, ісі үшін қатты өкінетіндерін жеткізді. Тек риэлтор Нұрайым Алданыш қана тағылған айыппен келіспей, кінәсі құжатпен дәлелденбегенін айтты. Оның қорғаушысы Нұрайым Алданыштың бұл іске қатысы жоқ екенін жеткізді. Айтуынша, риэлтор жер сатумен ғана айналысқан. Ал рәсімдеу жұмысымен айналыспаған. Айта кетейік, бұған дейінгі процесте прокурор экс-шенеуніктерді, яғни, барлық сотталушыларды 4 жылдан 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын сұраған болатын.

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу