Шымкентте 13 жастағы бала 2 бүлдіршінді өрттен аман алып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте 13 жастағы бала 2 бүлдіршінді өрттен аман алып қалды

18.02.2019

Бақытжан Беркінбаев есімді жасөспірім үйі өртенген көршісіне көмекке жүгіріп барған. Екі баланы құтқару үшін өз басын қатерге тіккен қайсар ұл қолының сынық екенін де ұмытып кетеді. Осылайша түтінге тұншыққан бүлдіршіндердің бірін көтеріп, екіншісін жетектеп далаға алып шыққан.

Күн сенбі. Түс қайтқан мезгіл болатын. Ата-анасы жұмысқа кеткендіктен, Арайлым сіңлісі мен 4 жастағы інісіне бас-көз болып отырған. Ойынға алданып, інісінің оттықпен көрпенің шетін жағып жібергенін кеш байқап қалады. Көрпе бықсып жана бастайды. Үстіне су құйғанымен, отты өшіре алмаған. Арайлым бірден көршілерге көмекке жүгіреді.

Арайлым Аманғали, мектеп оқушысы:

- Түтіндеп жатыр еді. Ішіне кіре алмай қалдым. 

Алқынып жеткен Арайлымның сөзіне Бақытжан алғашында сене қоймаған. Тек түтінді көзі шалған соң көмекке тұра жүгіріпті. Жаттығу кезінде сындырып алған бір қолының ауырсынғанына қарамастан, кішкентайларды далаға сүйрелей жөнелген.

Бақытжан Беркінбаев, оқушы:

- Жүгіріп келдім. Біреуін қолыма көтеріп, біреуін жетектеп шығардым.

Шақырту бойынша өрт сөндіру көлігі де оқиға орнына жедел жетті. Құтқарушылар қызыл жалынның бетін қайтарып, бір сағат дегенде отты толық сөндірді. Тілсіз жау 60 шаршы метр аумақты шарпыған. Бұл жағдайды балалардың әкесі телефон арқылы көршілерінен естіген. 

Өрт ішінде қалған екі баланың өміріне араша болған Бақытжанды бүгін Төтенше жағдай департаменті басшылары Алғыс хатпен марапаттады.

Төтенше жағдай қызметі Бақытжан Беркінбаевты «Ерлігі үшін» медалімен марапаттау туралы Ішкі істер министрлігіне ұсыныс жолдады.

Ғани ҚАЛМАХАНОВ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу