Түркияда Ораза айт кезінде 9 күн демалыс болғанымен, локдаун жеңілдетілмейді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда Ораза айт кезінде 9 күн демалыс болғанымен, локдаун жеңілдетілмейді

11.05.2021

Түркиялықтар Ораза айттың құрметіне 9 күн демалады. Дүйсенбіден бастап барлық мемлекеттік мекемелер мен мектептерде демалыс жарияланды. Алайда мереке күндері елдегі қатаң локдаунның шарттары жеңілдетілмейді. Түркияда айт күндері ата-аналарына барып батасын алу дәстүрі кең таралған. Сондықтан мейрамның құрметіне мамырдың 8-і мен 17-сі аралығында қалааралық ақылы жолдар тегін болады. Ал айт күндері қоғамдық көлік ақысыз жүреді. Алайда биыл коменданттық сағатқа байланысты өзге қалаға жол жүру үшін әкімдіктен арнайы рұқсат қағазын алу міндетті.

Ибрахим, Анкара қаласының тұрғыны:
Жылда айт күндері ата анамызға барып бірнеше күн жандарында болушы едік. Биыл мына вирустың кесірінен ешқайда шыға алмай қалдық. Тек телефонмен құттықтаймыз. Мереке күні бала-шағамызға сыйлық әперіп үйде отырамыз. Жазға дейін вирустың беті қайтып, бұрынғы қалыпты өмірімізге қайта ораламыз деп үміттенем.

Айдос Әшімұлы

Хабарламаларға жазылу