Оралда көппәтерлі үйдің төбесі құлады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Оралда көппәтерлі үйдің төбесі құлады

08.02.2019

Апатты үйде 50-ге жуық адам тұрып жатқан еді. Ішінде 1 айлық сәби де болған. Абырой болғанда, тұрғындар дін аман.

Ардақ Мұратқызы, тілші:

- Оқиға таңғы сағат 5-те болған. Бұл үйдің, көріп тұрғаныңыздай, шатыры опырылып ортасына түскен. Апатты үйде 13 отбасы тұрып жатқан еді. Қазір олар қауіпсіз жерге көшірілді.

Мұхит көшесі, 124/2 мекенжайындағы жатаған үйдің салынғанына 40 жылдан асқан. Содан бері бірде-бір жөнделмеген.

Дулат Ғабдушев, тұрғын:

- Біз ұйықтап жатқанбыз. Бірдеңе гүрс ете түсті. Үй иесі орнынан атып тұрды да, «тұр-тұр, үй құлап жатыр», деді. Шықсақ, бәрі дәлізде жүгіріп жүр. Біреулер жылап жүр.

Тұрғындар үйдің апатты екенін бұдан бұрын айтып келген. Бірақ жергілікті билік Ешқандай Шара Қолданбапты.

Жастілек Келесов, тұрғын:

- Мұнда 13 пәтер бар. Біреуінің 4 баласы, біреуінің 5 баласы бар. Құдай сақтап тұр ғой енді. Өзімнің 5 балам бар. Апатты екенін білеміз. Әкімдерге айтқанбыз.

Оқиға орнына жеткен құтқарушылар сол жерге жылыту пункттерін ұйымдастырған. Қан қысымы көтерілген кей тұрғынды жедел жәрдем алып кеткен. Ал, бала-шаға жақын-жуықтың үйіне жіберілген.

Бақытжан Ихсанов, облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің бөлім басшысы:

- 50-ге жуық адам, нақты айтқанда, әзірге 44 тұрғын эвакуацияланды. Үйдің шатыры ғана емес, 2 пәтердің ішкі төбесі де құлаған.

Қала әкімі үйдің шатыры қалың қарды көтере алмағандықтан құлады дейді. Ал, тұрғындарға уақытша баспана берілетін болды.

Мұрат Мұқаев, Орал қаласының әкімі:

- Қазір адамдарды қызметтік пәтерге орналастырып жатырмыз. Бұл жердің орнына мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жаз түсісімен жаңа үй салу жоспарлануда. Сол кезде уақытша баспанадағы азаматтар осы жерден үй алуға мүмкіншілік алады.

«Қазір үйге кіру қауіпті», - дейді мамандар. Тұрғындар бір-бірлеп құжаттары мен ең керек мүлкін алып жатыр.

Ардақ МҰРАТҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу