Ұлыбританияда өтіп жатқан «Үлкен жетілік» саммитінде Үндістанның екі өкілінен коронавирус анықталды. Осыдан кейін бүкіл делегация оқшаулау режиміне жіберіліп, жиналыстарға онлайн қатысты. Үндістандағы эпид ахуал да аталған шараның басты тақырыптарының бірі болды. Сонымен қатар, Біріккен Корольдікте 50-ден асқан тұрғындарға «ковидке» қарсы вакцинаның үшінші дозасын салу ұсынылды. Науқан Жаңа жыл қарсаңында індеттің алдын алу үшін күзде басталады деп жоспарланып отыр. Ол үшін инфекцияның жаңа түрлеріне төтеп бере алатын екпе дайындалып жатыр.
Ал Үндістан үкіметі індеттің өршіп тұрғанына қарамастан, жалпыұлттық локдаун енгізбей отыр. Билік экономиканың тағы тұралап қалуын қаламайды. Елде екі апта бойы инфекция жұқтырғандар саны 300 мыңнан азаймай тұр. Өткен тәулікте 3780 науқас қайтыс болып, антирекорд тағы жаңарды. Вакцинация қарқынын арттыру мақсатында елге ресейлік «Sputnik V» вакцинасының алғашқы партиясы жеткізілді.
Жалпы әлемде бір аптада ковидтен 93 мыңдай адам көз жұмған. Бұл өткен аптамен салыстырғанда 6 пайызға жоғары. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегінше, індеттің таралуы Оңтүстік-шығыс Азия елдерінде өршіп, ал Еуропа мен Африкада бәсеңдеген.
Жансая Қапасқызы