Алаяққа алдандық деген 50 шақты Қытай азаматы «барар жер, басар тауымыз қалмады» дейді. Қандастарымыздың алды екі жыл бұрын Қазақстанға туыстарын көруге келген. Аяқ астынан екі ел арасындағы жолаушы тасымалына тыйым салынып, кері қайта алмай қалған. Шекарадан өте алмай жүргенде Үрімжіге дейін жеткіземіз деген компания табылған. Әрқайсысы 650 мыңнан 30 миллионға жуық теңге жинап берген. Алайда содан бері бір жарым ай өтсе де, уәде бергендер айтқанын орындамаған.
Тұрысбек Қауесен, шағымданушы:
2021 жылы екінші айдың 24-і күні осындай сөз шықты. Қазақстанда қайта алмай қалған Қытай азаматтарын ұшырамыз, 650 мыңнан нақ ақша берсеңдер.
«Алаяқтарға алданып, сан соғып қалдық» дегендердің бірі Толқын Зүпән. Әйелі, баласы және өзі үшін жол ақысына деп 2 миллион теңгесін туристік компания өкіліне санап берген. Алайда ұшақ ұшуы тиіс уәделі уақыт бірнеше рет кері жылжи бергенде ғана, алданғанын білген.
Толқын Зүпән, шағымданушы:
Үш рет болды. Үш рет ұша алмайды. Үшінші рет біліп отырмыз біз мұның өтірік екенін. Содан қазірге дейін ақшамызды ала алмай алданып жүрміз.
Шағымданушылардың көбі былтырдан бері пәтер жалдап тұрып жатқандарын айтады. Ауырып қалса, шетел азаматы болған соң жергілікті аурухана қабылдамайды. Күнкөрісіміз күннен күнге қиындап барады дейді.
Назарбек Халел, шағымданушы:
Түгел шетел азаматтары. Жұмыс та істей алмайды бұл жерге. Оның сыртында кәрі, ауру кісілер көп екен. Олардың бәрі осы жерде отыр. Осыны төлейтін де ақшасы жоқ қой. Енді осы ақшасын күтіп отыр.
Полиция департаментінің хабарлауынша, осы дерек бойынша 51 адам зардап шеккен. Қазір күдікті ұсталып, қылмыстық іс қозғалды.
Салтанат Әзірбек, қалалық ПД ресми өкілі:
Бұл факт Әуезов аудандық ПД СТБТ-да ҚР ҚК-нің 190-бабы 3 бөліміне сәйкес қылмыс негізінде тіркелді. Осы қылмыстарды жасады деген күдікпен 1981 жылы туған М. есімді азаматша ұсталды. Қазіргі уақытта жедел-тергеу іс-шаралары жүргізілуде, оның нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданады.
Қандастардың талабы біреу. Осы мәселеге құзырлы орган өкілдері араша түсіп, ақшамызды қайтарып берсе деген тілегі бар. Әйтпесе, тұрмыс қысып, барар жер, басар тауымыз қалмады деп отыр.
Қуан Нұрақын