Украина денсаулық сақтау министрлігі «ковидшильд» деген вакцинаның екі дозасын қабылдау арасындағы интервалды 28 күннен 3 айға дейін ұзартты. Себебі, бұл екпенің тиімділігін арттыру үшін ұзақ уақыт қажет болып отыр.
Айта кетсек, бұл препаратты AstraZeneca компаниясы мен Оксфорд университетімен бірлесіп, Үндістанда өндіріп жатыр. Украинада оны қабылдаған 4 адам қайтыс болған.
Испания болса, AstraZeneca вакциналарының екі дозасы арасындағы интервалды 60 жасқа дейінгілер үшін 16 аптаға дейін созды. Себебі, бұл екпені өзгелермен араластырғанда шығатын нәтижені көру үшін көбірек уақыт керек.
Еуропа дәрі-дәрмек агенттігінің кеңесі бойынша AstraZeneca дозаларының арасы 12 аптадан аспауы керек. Демек, Испания бұл ережені бұзған алғашқы елге айналып отыр.
AstraZeneca әлемде миллиондаған адамға салынды. Бірақ, бірнеше күн бұрын оны ектірген испандық жауынгер қаны ұйып қайтыс болды. Бұл оқиғаны корольдіктің қорғаныс министрі де растап отыр.
Маргарита Роблес, Испания қорғаныс министрі:
Негізі, бізге берілген медициналық қорытындылар сарбаздың өліміне осы вакцинаны қабылдау себеп болғанына еш күмән қалдырмады. Қайтыс болған жауынгердің туған-туыстарына, барлық жолдастарына көңіл айтқым келеді. Әрине, бұл – қиын жағдай. Бірақ вакцина алу өте қажет екенін ескеруіміз керек.
Президент Джо Байден болса, шілденің 4-не дейін ересек америкалықтардың 70 пайызына екпе салу жоспарын жариялады. Сонымен қатар, ол 12-15 жас аралығындағы жасөспірімдер үшін тезірек вакцина әзірлеуге шақырды.
Айта кетсек, бүгінге дейін АҚШ-та 105 миллиондай адам вакциналанған. Олардың саны тәуелсіздік күні қарсаңында 160 миллионға жетуі керек.
Арыстан Рысбек