Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындауда кедергі көп - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындауда кедергі көп

05.05.2021

Әскери техника өндіретін кәсіпорындар қордаланған проблемаға тап болды. Көбісінің басындағы мәселе ұқсас. Мемлекеттік қорғаныс тапсырысын орындаудың ауырлығын айтып налып отыр. Жылдар бойғы базынаны құзырлы орган жылдамдатып шешуге асықпайды,-дейді. 

Броньды дөңгелекті машина шығаратын кәсіпорынның әлуеті үлкен. Бірақ, кедергіден көз ашпайды. Компания ашылған 6 жылда 100-ден аса техника ғана дайындаған. Ал, өндірістік қуаты – жылына 120 әскери көлік. Бар гәп, тапсырысты орындау мерзімінің аздығында. Заңда 3 жыл деп көрсетілгенімен асығып-аптығуға тура келеді,-дейді бас инженер.

Төленді Жұртыбаев, «Қазақстан парамаунт инжиниринг» ЖШС бас инженері:
Ал шын мәніде шарт бойынша бізге 1-ақ жыл уақыт беріледі. Ол 1-ақ жыл дегеніңіз өндірістік технологияға байланысты сапаға, сосын уақытылы орындалуына кері әсерін береді.  Заңнамадағы 3 жылдың өзі біздің технологиялық жасап шығару мерзімі өте аз. Соны ұзарту керек.

Сапасы – НАТО стандартына сай. Оңтүстік Африканың озық технологиясын алған екі мемлекеттің бірі біз. Яғни, MRAP үлгісімен Арлан, Номад, Алан және Барыс атаулы минаға қарсы броньды машиналар жасалады. Бірақ, сұраныс жоқ. Басшылық басымдық сырт өндірушілерге берілген,-деп базыналы.

Найзабек Олжабайұлы, Қазақстан қорғаныс-өнеркәсіп кешені кәсіпорындары қауымдастығының атқарушы директоры:
Шетелдіктер баға мен сапаны ғана ұсынады. Егер, ұнаса сатып алады. Ал, бізді кемсіту басым. Себебі, біз де бағасы мен сапасын қатар ұсынамыз. Бірақ, соған қоса қатысы жоқ нәрселерді сұрап кетеді. Мысалы өнімге еңбек ақылары қосылған ба, жоқ па? Негізі екі жаққа да шартты теңестіру керек. Бұл «Азаматтық кодекске» қайшы әрекет.

Айтпақшы, еңбек ақы расында өнімнің өзіндік құнына енбеген. Сондықтан төлемді тауар пайдасынан емес, қалтадан өтеуге мәжбүрміз,-дейді. Мәселе ертеден бар. Бірақ, енді реттелмек.

Ерлан Исабай, ҚР мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс комитеті басқармасының бас сарапшысы:
Баға белгілеу қағидаларына өзгеріс енгізіп жатырмыз. Мүдделі мемлекеттік органдармен келісу сатысында. Және осы шығыс ескерілген.

Тек бұл компания емес, тізе берсе өзге өндірушілерде де түйткіл көп. Бәріне ортағы – әскери өкілдердің өктемдігі. Олар негізгі міндетін ұмытып кетеді.

Амангелді Құрметұлы, әскери сарапшы:
Бірнеше кәсіпорынның қорғаныс министрлігінің өкілдеріне өкпесі бар екені рас.  Айталық Киров зауытында осындай бір өкілдің техникалар әбден жасалып болып, министрлік қабылдайтын кезде бүйректен сирақ шығарды қазақшаласақ. 

Бүгінде бағаны өсірді деген желеумен сала компанияларына 2,5 млрд теңге айыппұл салынған. Қазір сот жүріп жатыр.

Нысаналы Ығыл, тілші:
Жалпы, елде әскери техника шығаратын 24 кәсіпорын бар. Қай-қайсысыда өнімін жарнамалауға аса құлшынбайды. Тек КАДЕКС көрмесінің қарсаңында көзіміз шалады. Ал, бәсекелестер керісінше кішкентай бір деталі өзгерсе де жариялап жатады. Бұл тапсырыс берушілердің санасына әсер етпей қоймайды. Содан оларға сұраныс та жоғары. Сондықтан жарнаманың қуатын пайдалану керек,-дейді сарапшы.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу