Тәжікстан қырғыз әскерилерінің үстінен қылмыстық іс қозғады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәжікстан қырғыз әскерилерінің үстінен қылмыстық іс қозғады

04.05.2021

Қырғыз-тәжік жанжалы тоқтаса да, екі ел тарапы бір-бірін айыптауды доғарар емес. Тәжікстан қырғыз әскерилерінің үстінен қылмыстық іс қозғады. Елдің бас прокуратурасы 200-ден астам азаматқа «адам өлтіру» және «Соғыс бастау мен жүргізу» баптары бойынша айып тақты. Тәжік тарапы қақтығысты қырғыздар бастады деп отыр. Әскери шабуылдың салдарынан Исфара әкімі жараланып, Тәжікстан азаматтары мерт болды деп мәлімдеді ел прокуратурасы.

Еске салайық Қырғыз-тәжік шекарасы маңындағы жанжал 28 сәуірде басталған. Су торабы аумағынан шыққан қақтығыс күшейіп, оған екі елдің қауіпсіздік күштері араласты. Тараптар жағдайдың ушыққаны үшін бір-бірін кінәлаған еді. Қырғызстан билігінің мәліметінше 36 адам қаза тауып, 200-дей тұрғын жараланған. 120 үй, 84 әлеуметтік нысан зардап шекті. Ал Тәжікстанда 16 адам мерт болды, 150-ден астам адам түрлі деңгейде жарақат алған. Соңғы ақпараттарға сәйкес, екі ел жанжалды тоқтатып, ортақ мәмілеге келді. Шекара аумағындағы елдімекендерден 40 мыңнан астам тұрғын қауіпсіз аймаққа көшірілген.

Раушан Сайлауқызы


Хабарламаларға жазылу