Алматыда індет басталғалы 1600-дей медицина қызметкері COVID-19 жұқтырған. Олардың 1400-інен коронавирус, қалғандарынан Ковид белгілері бар пневмония анықталды. Басым бөлігі кәсіби қызметіне байланысты індетке шалдыққан. Ал жалпы ахуалға келсек, шаһарда вирус жұқтырғандар саны азаймай тұр. Соңғы тәулікте індет 658 адамнан анықталды. Жыл басынан бері ауру көрсеткіші 5 жарым есе артқан. Қазір стационарлардағы төсек-орынның 58 проценті толған. Мамандар соңғы кезде симптомсыз науқастардың едәуір азайғанын айтады.
Әсел Қалықова, қалалық тауарлар жғне қызмет сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары:
Ауру белгілері жоқ науқастардың үлесі төмендеп, симптомды науқастар көбеюде. Мәселен, қаңтарда 73 пайыз болса, сәуірде 86, ал мамыр айының үш күнінде 87,4 пайызды құрады. Көбіне қауіпті инфекцияны 20 мен 70 жас аралығындағылар тез жұқтырады. Олар жалпы науқастардың 76 пайызын құрап отыр.
Нұрхан Нұрланұлы