Тәжік-қырғыз шекарасында қақтығыстан ондаған адам мерт болды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Тәжік-қырғыз шекарасында қақтығыстан ондаған адам мерт болды

30.04.2021

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев тәжік-қырғыз шекарасындағы жағдайға байланысты алаңдаушылық білдіріп мәлімдеме жасады. Және де ресми Душанбе мен Бішкектің қарулы жанжалды тоқтатып, келіссөздерді бастау ниетіне қошемет білдірді. Екі ел шекарасындағы жағдайды Біріккен Ұлттар Ұйымы да бақылап отырғанын хабарлады. Соңғы мәліметке қарағанда, қақтығыс кезінде ондаған адам қаза тауып, жүздегені жараланды.

Бүгін түскен мәліметке қарағанда, Тәжікстанның Қырғызстанмен шекаралас Соғды облысының Исфара және Бободжон Гафуров ауданында қарулы қақтығыстан 90-нан астам адам жараланып, 10 шақты тәжікстандық қаза тапты. Мұны «Азия-Плюс» агенттігі хабарлап отыр. Дегенмен, тәжік үкіметі құрбандар туралы ресми мәлімет әзірге жариялаған жоқ.

Ал, Қырғызстан денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, жанжал кезінде республиканың 134 азаматы жараланып, 13-і мерт болған.

Тәжік-қырғыз шекарасындағы «Головной» деп аталатын су бөлетін пункт маңында қақтығыстар сәуірдің 28-де басталды. Тәжікстан шекарашыларының айтуынша, бұл кешенді қырғыздар жағы басып алған. Бірақ, ресми Бішкекке сенсек, ұрыстың басталуына тәжіктер тарапының «Су алабы» аумағына бейнебақылау камераларын орнатуы түрткі болды.

Атыс шекара бойындағы бірнеше жерде болып, сәуірдің 29-да да жалғасты.

Дегенмен, кеше кешкісін екі елдің сыртқы істер министрлері келіссөз жүргізіп, жанжалды дипломатиялық жолмен шешу қажеттігін атап өтті. Содан кейін Тәжікстан мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің басшысы Саймумин Ятимов мен Қырғызстанның Баткен облысының өкілі Өмірбек Суваналиев Исфарада кездесіп, жанжалды тоқтату туралы ортақ мәлімдемеге қол қойды. Қазір шекарадағы жағдай біршама тұрақталғанымен, шиеленіс біржола сейіле қойған жоқ.

Арыстан Рысбек


тәжік қырғызстан шекара

Хабарламаларға жазылу