Ақтөбеде тарихи маңызы бар нысан қараусыз қалған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде тарихи маңызы бар нысан қараусыз қалған

29.04.2021

Ақтөбеде ғасырдан астам тарихы бар мемлекет қорғауындағы көне ғимарат қараусыз қалған. Бұрын облыстық мұражай орналасқан нысан соңғы 4 жылда қатты бүлініп, тіпті ішін қаңғыбастар жайлай бастаған. 

 Жақсыбек Кемал, тілші:
Бұл ғимаратта 1920 жылы алғашқы бүкіл қазақстандық жұмысшылар құрылтайы өткен. Осы шарада қазақ автономиясын құру идеясы бірауыздан мақұлданыпты. Міне, осындай тарихи маңызы бар нысанның қазіргі сиқы – осы. Төбелері мен қабырғалары қирап, астан-кестеңі шығып жатыр.

Ең сорақысы – бұл жер қаңғыбастардың мекеніне айналып үлгерген. Ескі-құсқы киімдер мен ыдыстар, ішімдік құтылары әр жерде шашылып жатыр.

Жақсыбек Кемал, тілші:
Ғимарат алғашында қонақ үй болған. Ал, соңғы 50 жылында облыстық өлкетану музейі ретінде жұмыс істеді. Осыдан төрт жыл бұрын мәдени ұйым жаңа орынға көшкенде мынадай жәдігерлер қалып қойған. Ал, мына жақтан елімізге белгілі ақын-жазушылар мен батырлардың портреттерін көруге болады.

Тарихи маңызды нысанның жағдайына қоғам белсенділері әлеуметтік желі арқылы алаңдаушылық білдіріп жатыр. Қала тұрғындары да ғимаратты бастан-аяқ жөндеп, қайтадан ел игілігіне беру қажет дейді.

Нұрсұлтан Мұратов, қоғам белсендісі: 
Мына жақта ішімдік ішеді, бүлдіреді, өз сөзіммен айтып тұрған жоқпын, оны естідім, оқыдым, көрдім. Сол себепті бұл маңызды мәселені шешу керек. Қалпына келтіру керек немесе кәсіпкерге беру керек.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, нысан осы жылдың басында ғана орталықтандырылған қалалық кітапхана балансына берілген. Қазір жөндеу жүргізу үшін жобалық-сметалық құжат рәсімделіп жатқан көрінеді.

Әсел Бөлекова, қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы: 
Сараптама қорытындысы шыққаннан соң бұл ғимаратқа күрделіжөндеу жүргізіліп, қалалық орталық кітапхана жүйесі орналастырылатын болады. Авариялық болып қалмайды, бұл тарихи ескерткіш. Бұл ғимаратты жөндейміз.

Нысанның қай уақытта жөнделіп болатыны белгісіз. Ал, іште шашылып жатқан жәдігерлерді облыстық музей алып кетуі тиіс. Алайда, қазірге дейін оның қаншасы қолды болғанын ешкім білмейді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу