Үндістанда коронавирус жұқтырғандар 18 миллион 300 мыңнан асты. Өткен тәуліктің өзінде «ковид» диагнозы 380 мыңға жуық адамға қойылып, 3600-ден астамы қайтыс болды. Ал елдегі крематорийлерде вирус құрбандарын қабылдайтын орын қалмады. Сондықтан, мәйіттерді жаппай өртейтін жаңа орындар пайда болған. Ел астанасы Нью-Делиде әрбір төрт минут сайын ковидтен 1 адамның өліп жатқаны туралы хабар тарап отыр. Марқұмдардың денелерін саябақтар мен көлік тұрақтарында ашылған жасанды крематорийлерде өртеуге тура келіп отыр. Үндістанда «ковид» құрбандарының көбеюіне дәрі-дәрмек пен госпитальдердегі орын және маман тапшылығы ғана емес, оттегінің жетіспеуі де себепші. Бұған қоса, карантин ерте тоқтатылып, саяси және діни жиындар мен фестивальдерге қайта рұқсат етілді. Ал, вакцина 1,4 миллиард халықтың 10 пайызына ғана салынған. Дегенмен, қауіпті індеттен жазылып кеткендер де көп. Солардың қатарында Махараштра штатының тұрғындары – 105 жастағы қария Дхену Чаван мен оның 95 жастағы зайыбы да бар.
Арыстан Рысбек