Қазақстан - бірлігі жарасқан берекелі ел - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан - бірлігі жарасқан берекелі ел

29.04.2021

Тәуелсіздік алған 30 жылда Қазақстан ынтымағы жарасып, ырысы артқан елге айналды. Өйткені, Қазақ жерін мекен еткен жүзден астам ұлт өкілі қоян-қолтық тіршілік кешіп, бейбіт өмір сүріп жатыр. «Бұл ең алдымен мемлекеттің жүргізіп отырған тиімді саясаты мен қазақ халқының кеңпейілдің арқасы», - дейді біздегі түрлі ұлт пен ұлыс.

Алла Чечеткина, Молдован этно-мәдени орталығының өкілі:
Шынымды айтсам, мен қазақ елінде, қазақ жерінде туғанымды мақтан етемін. Өзімді қазір Молдовада елестете алмаймын. 
Элина Паули, Татар-Башқұрт этно-мәдени орталығының өкілі:
Шешем қазақ мектебінде орыс тілінен сабақ береді. Әкем қазақша айтыс көргенді жақсы көреді. Күйеуім неміс болса да, домбырада ойнайды.
Наргизам Махмуди, Ұйғыр ұлттық орталығының өкілі:
Кейбіреу үшін байлық үй, қымбат көлік болатын болса, мен үшін ең қымбат нәрсе бейбіт өмір сүргенім.

Тегі бөлек болғанымен, тілегі бір бұл жастар, тағдыр тауқыметімен қазақ жеріне қоныс аударған түрлі ұлт өкілдерінің ұрпақтары. Осы жерден Отанын тапты, отауын тікті. Қазір бірлікке ұйып, бейбіт өмір сүріп жатыр.

 Өзге елдердегідей қырғын бізде болған жоқ. Мәселен, 30 жылға созылған Таулы-Қарабақ жанжалы, Тәжікстандағы азаматтық соғыста жазықсыз жұрт қырылды. Егемендік алған тұста бізге қатысты да түрлі болжамдар айтылды. Кей халықаралық сарапшылар: «Қазақстан ішінен іріп, көп ұзамай мемлекетті құлатып тынады», - деді. Бірақ біз ел бола алатынымызды дәлелдедік.

Наталья Дементьева, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
1992-1995 жылдары ешкім сенбеді ғой бізде татулық болады деп. Өйткені 130-дан астам ұлт өкілін біріктіру өте қиын. Өйткені, әр ұлттың өз ерекшелігі, өз тілі, діні бар. Бірақ, Елбасының саясатының арқасында осы қиындықтан аман-есен шықтық. 

Біздегі бейбітшілік, бірлік һәм тұрақтылыққа – Қазақстан халқы Ассамблеясы кепіл болды. Ешкімді тіліне, дініне, нәсіліне қарап кемсітпеді. Барлық этностарға теңдікте өмір сүруге жағдай жасады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың аталған институтты құрудағы миссиясы да осы еді.

Зәкіржан Кузиев, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары:
Ассамблея деген не? Оның ішінде этно мәдениеттер бар. Бір жерде бірдеңе болып қалса, осы этностардың бастықтары, ақсақалдары барып шешетін.  Сол үшін осы жерде тыныштық, осылай жақсы тұрып жатырмыз. 

Иә, Қазақстанда ұлтаралық мәселелер әрқашан әділетті әрі дер кезінде шешіледі. Нәтижесінде, Тәуелсіздік алған 30 жылда елде этносаралық қақтығыстар болған емес.

Қазір Қазақстан – бірлігі мен берекесі жарасқан мемлекет. Тұрақтылықтың арқасында мемлекетіміз өркендеп келеді. Ал кезінде ұлтаралық татулыққа күмәнмен қараған сарапшылар, бүгінде Қазақстанды жаһан елдері үшін ұлтаралық келісімнің, тұрақты дамудың үлгісі ретінде көрсетеді.

Армангүл Тоқтамұрат

Бірлік күні

Хабарламаларға жазылу