Қазақстан мен Ресей Экономикалық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстан мен Ресей Экономикалық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасын қабылдады

29.04.2021
Қазақстан мен Ресей Экономикалық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасын қабылдады

Қазақстан мен Ресей 2021-2025 жылдарға арналған Экономикалық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасын қабылдады, деп хабарлайды Үкіметтің ресми сайты.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Ресей Федерациясының Қазан қаласына жұмыс сапары аясында РФ Үкіметінің Төрағасы Михаил Мишустинмен кездесу өткізді. Тараптар сауда-экономика, көлік-логистика, энергетика, геология салаларындағы, сондай-ақ өнеркәсіптік кооперация, АӨК, трансшекаралық өзендердің су ресурстарын ұтымды пайдалану және қорғау салаларындағы екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту мәселелерін талқылады. Еуразиялық экономикалық одақ форматындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелері қаралды.

COVID-19 таралуына қарсы күрес және екі елдің экономикалары үшін пандемияның салдарын жою жөніндегі бірлескен шараларға ерекше назар аударылды.

Келіссөздер қорытындысы бойынша екі елдің Үкімет басшыларының қатысуымен келесі бірқатар құжатқа қол қойылды:

- ҚР мен РФ үкіметтері арасындағы 2021-2025 жылдарға арналған экономикалық ынтымақтастықтың кешенді бағдарламасы;

- «Қазгеология» АҚ мен «Росгеология» АҚ арасындағы ҚР,  РФ және шет мемлекеттердің аумақтарындағы пайдалы қазбалар кен орындарын геологиялық зерттеу саласындағы ынтымақтастық туралы келісім;

- ҚР аумағында көмірсутегі кен орындарын игеру және геологиялық барлау бойынша бірлескен қызмет саласындағы жобаларды іске асыру ниеті туралы келісім;

- «ҚР-да бутадиен және туынды өнімдер өндірісі» жобасын іске асырудың жол картасы;

- «Бутадиен» жобасын басқару мәселелері жөніндегі шекті шарт;

- «KIDF Management company» Ltd, Ресей тікелей инвестициялар қоры (РТИҚ) және «Mubadala Investment Company» арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум;

- қатты пайдалы қазбалар бойынша юниорлық компаниялардың Еуразиялық биржасын құру туралы меморандум.

ҚР Премьер-Министрі А. Мамин Қазан қаласына жұмыс сапары аясында Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысына қатысады.


Хабарламаларға жазылу