Ішкі нарықта тауарлық газға бекітілген шекті баға газдың өзіндік құнынан төмен. 2 жыл бұрын оның шекті бағасы өңірге байланысты 3,8-ден 17,5%-ға дейін төмендетілген. Бұл баға осы уақытқа дейін көтерілген жоқ. Газбен жабдықтау саласындағы ұлттық оператор «ҚазТрансГаз» акционерлік қоғамы үшін бұл айтарлықтай шығын. Мәселен, компания 4 жыл ішінде 425 млрд теңгеге шығындалды деп хабарлайды Энергетика министрлігі. Сондықтан ведомство өкілдері тауарлық газдың шекті бағасын 15%-ға дейін ұлғайтуды көздейтін 1 жылға арналған бұйрық жобасын дайындады. Жоба «Атамекен» ұлттық палатасы мен мемлекеттік органдарда талқылануда.
Дәурен Абилхаиров, ҚР ЭМ Газ және мұнайгаз-химия департаменті директорының орынбасары:
Тек соңғы бес жылдың ішінде Қазақстан Республикасының газ тасымалдау жүйесінде шамамен 67 мың ақау анықталып, бүгінгі күні оның тек 9 мыңы жойылды. Аталған жағдай елдің газ тасымалдау жүйесін қалпына келтіру және дамытуға қажет тарифтерді өсіруге жол бермей ұстап тұру салдарынан қалыптасты.
Ақниет Балтанова