Алматыда жанармай станциясының құдығына түскен 3 адам уланып қалды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда жанармай станциясының құдығына түскен 3 адам уланып қалды

28.04.2021

Алматыда құдыққа түсіп, уланып қалған үш адамның жағдайы ауыр. Қазір науқастар жансақтау бөлімінде жатыр. Тиісті емнен соң естерін әзер жиған. Оқиға кеше кешкісін болды. Жанармай бекетінің қызметкері есептеу қондырғысының көрсеткішін алу үшін құдыққа түсіп, есінен танып қалған. Оны көріп көмекке ұмтылған екі әріптесі де құдық ішіне түскенде тұншығып қалған. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Алдын ала болжам бойынша зардап шеккендер метан газынан уланған болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, жанармай құю бекетіндегі су есептегіш құралды қарамақ болған жұмысшылар қауіпсіздік ережесін сақтамаған. Кез  келген жанармай құю бекетінде улы токсиндер болады. Талап бойынша, құдықтың қақпағын біраз уақыт ашық тастап, қауіпсіз екеніне көз жеткізген соң ғана ішіне түсу керек.

Майра Әлімбетова, көпсалалы клиникалық аурухана дире кторының орынбасары:
Олардың жағдайы қалыпты түрде ауыр. Метан газы миды, өкпені, бауырды, бүйректі зақымдайды. Қазіргі таңда осы науқастарда ми мен бауырдың зақымдану белгілері бар. Бірақ бұл жағдай қайта қалпына келеді.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу