Талғарлықтар ауруханадағы вакцинация жұмысына шағымданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талғарлықтар ауруханадағы вакцинация жұмысына шағымданды

27.04.2021

Вакцинаға талас. Бүгін Алматы облысы Талғар аудандық аураханасына екпе алуға келгендер көбейіп, тұрғындар ұзын-сонар кезекке тұрды. Видео авторының сөзінше, мұндағылардың көбі вакцинаның екінші компонентін алуға келген. Олар дәрігерлерге шағымданып, келушілерге жағдай жасалуын талап еткен. Аудандық орталық аурухананың дәрігерлері жағдайды түсіндірді. Айтуларынша, вакцина алуға демалыс күндерге жазылған тұрғындар бүгін келіп, жағдайды ушықтырған.

Гүлжан Қойшыбаева, ШЖҚ «Талғар аудандық орталық ауруханасы» МКК баспасөз қызметінің жетекшісі:
Бүгін алдын ала жазылым бойынша 200 адамға екпе салуымыз керек еді. Сенбі, жексенбі күндерге жазылғандар келіп, жоспарымыз жүзеге аспады. Дегенмен дәрігерлер дер кезінде шара қабылдап, кезек күткендердің барлығына екпе салды. 2 сағаттың көлемінде жағдай тұрақталды. Қазір жұмысымыз жоспарға сай жалғасуда.

Қазір ауданда 8 жарым мыңнан астам адам екпе алған. 1200-ге жуық тұрғын вакцинаның екінші компонентін салдырып үлгерген. Қазір ауылдық округтердегі амбулаториялар мен мектептерде 22 вакциянациялау орындары ашылған. Сондай-ақ, халық жиналатын аймақтарда жылжымалы екпе егу пункті де жұмыс істейді. Сондықтан, әлі де түсіндіру жұмыстарын жандандырып, өзін вирустан қорғағандардың қатарын көбейтеміз дейді мамандар.

Мұхтар Апатанов,  ШЖҚ «Талғар аудандық орталық ауруханасы» директорының орынбасары:
 Біз мұғалімдермен де, ішкі істер мамандарымен де біраз кездесулер жасап ақпарат жеткіздік. Халыққа беретін кеңесім, әр адам өзінің елі үшін, жанұясы үшін жауапкершілікті сезіну керек. Азаймай келе жатқан ауруға қарсы вакцина салдыру керек деп ойлаймын.  

Нұрхан Нұрланұлы

Хабарламаларға жазылу