Президент бірқатар елдің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент бірқатар елдің елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады

27.04.2021

Бүгін Президент жаңадан тағайындалған жеті мемлекеттің елшілерімен кездесті. Уганда, Замбия, Мальдив және Корей халықтық демократиялық республикасы мен Люксенбург, Исландия, Черногория мемлекеттерінің дипломаттары Қасым-Жомарт Тоқаевқа сенім грамоталарын табыстады.

Бұл елдері үміт артып жіберген дипломаттардың Ақордаға алғаш кіруі. Оларға көрсетілген құрмет Президенттерге жасалатын сән-салтанаттан кем емес. Қызыл кілем жайылып, сап түзеген сарбаздар мен оркестр меймандарды қарсы алды. Елшілер алдымен қазақтың рәміздеріне құрмет көрсетіп, кейін рәсім өтетін залға қарай беттеді.

Мұнда Уганда, Замбия, Мальдив және Корей халықтық республикасы мен Люксенбург, Исландия, Черногория мемлекетінің дипломаттары Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен жақынырақ танысып, сенім грамоталырын табыстады. Бұл елордаға уақытша қоныс аударған елшілердің дипломатиялық миссиялары ресми түрде басталды деген сөз.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
Қазақстан халықаралық ынтымақтастықты дамытуды қолдайды. Біз халықаралық аренада «үлкен ойын» ойнауды емес, қайта сіздердің елдеріңізбен бірлесе отырып «үлкен нәтижеге» қол жеткізуді ойлаймыз. Болашақта әртүрлі салалар бойынша ықпалдастықты арттырамыз деп сенемін. Қазақстан сіздердің мемлекеттеріңізбен екіжақты форматта да, халықаралық ұйымдар шеңберінде де тығыз қарым-қатынас орнатуға бейілді екенін жеткізерсіздер.

Иә, жеті елдің Қазақстан үшін өз орны бар. Енді алыс-беріс пен барыс-келісті жандандырып, қарым-қатынасты күшейту қажет. Бұл ретте елшілердің еңбегі ерекше.

Хон Чхоль Син, Корей халықтық демократиялық республикасының елшісі:
Қазақстан Президентіне сенім грамотасын табыстау мен үшін үлкен мәртебе. Сіздер қол жеткізген үлкен жетістіктерге қарап, қуанамыз. Саяси-экономикалық тұрақтылықты сақтау мақсатындағы жұмыстарыныңыз өте жоғары деңгейде. Сіздермен достық қарым-қатынасты арттыруға мүдделіміз.

Бұдан соң Мемлекет басшысы елшілермен естелік суретке түсті. Әрі оларды дипломатиялық миссияларының ресми түрде басталуымен құттықтап, екіжақты байланыстарды одан әрі нығайтуға бағытталған жұмыстарына табыс тіледі.

Досжан Маратұлы

Хабарламаларға жазылу