Түркістан облысында 40 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында 40 мыңнан астам адам баспана кезегінде тұр

27.04.2021

Түркістан облысы Жетісай ауданында баспана кезегін күткендер қатары күннен-күнге көбейіп барады. Қазір ауданда әлеуметтік осал топтағы екі мыңнан аса адам тұрғын үй кезегіне тұрған. Алайда соңғы алты жылдан бері бірде бір баспана берілмепті. Мұқтаж жандардың баспана мәселесі қашан шешімін табады? Тілшіміз Айнұр Ақбаева тарқатады.

Жетісай қаласының тұрғыны Гүлнәр Теңізбаева көпбалалы ана ретінде тұрғын үй кезегіне тұрған. Содан бері бес жыл өтсе де, баспана кезегі жылжымайды дейді. Қазір алты перзенті бар жанұя әр балаға төленетін жәрдемақыға жалдамалы үйді паналап келеді. Осылайша болмашы жәрдемақы– тірнектеген тіршілікке сеп болған.

Гүлнәр Теңізбаева, Жетісай қаласының тұрғыны:
Өзім үйдемін, күйеуім де жұмыс істемейді. Оның жартысын пәтерге төлейміз, 30 мың теңгесін.  Балаларымның тамағы бар, жетпейді шыны керек.

Жетісай ауданында қазір тұрғын үй кезегінде 2172 адам тұрса, оның басым көпшілігі көпбалалы аналар. Мәселені шешу үшін жергілікті билік өткен жылы аудан аумағынан жекелеген 88 үйді сатып алыпты. Алайда содан бері жарты жылға жуық уақыт өтсе де, бұл баспаналар мұқтаждарға берілмеген.

Берік Мәмбетов, Жетісай аудандық ТҮКШ бөлімі басшысының орынбасары:                              Ол үйлер былтыр алынған. Бірақ  мекеменің балансына биыл беріліп отыр. Екі айдан бері берілмеу себебі, квартирада тұрады көпбалалы аналардың көбісі. Мекен-жайларының анық болмауына және ұялы телефон байланыстары болмауына да байланысты болды.

Сала мамандарының айтуынша, ауданда әлеуметтік осал топтарға соңғы рет 2015 жылы 36 пәтер берілген. Содан бері жұрт баспанаға қол жеткізе алмай келіпті. Тек екі жыл бұрын аудан орталығынан 80 гектар жер бөлініп,  «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 200 пәтердің құрылысы жүргізілуде.

Мұса Әбибуллаев,  Жетісай аудандық құрылыс бөлімінің басшысы: 
Бұл жерде ауызсу, жарық тартылған. Енді мамыр айынан бастап канализация мен кәріз жүйесіне қаржы бөлінейін деп отыр. Биыл бітіреміз деген ниеттеміз.
Айнұр Ақбаева, тілші:
Қазір облыс бойынша баспана кезегінде тұрған азаматтардың саны 40 мыңнан асады. Өткен жылы Түркістанда 776 пәтер пайдалануға берілгенімен, облыс көлемінде тек 15 үй кезекте тұрғандарға үлестірілген. Сала басшылары жаһандық пандемияға байланысты жұмыс күші азайып, «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынып жатқан үйлердің құрылысы кешеуілдеп жатқанын айтады.

Айнұр Ақбаева

Хабарламаларға жазылу