Түркияда қатаң локдаун енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркияда қатаң локдаун енгізіледі

27.04.2021

Түркияда коронавирус жұқтырғандар санының күрт артуына байланысты 17 күндік коменданттық сағат жарияланды. 29 сәуір кешкі 7-ден бастап 17 мамыр таңғы 5-ке дейін ел аумағында көшеге шығуға тыйым салынды. Кеше ел Президенті Режеп Тайып Ердоған бұған дейін тек сенбі-жексенбі және мереке күндері болып келген коменданттық сағат енді Рамазан айының соңына дейін күн сайын болатынын айтты. Қоғамдық көліктер тоқтап, мектептер онлайн сабақ форматына көшеді. Мемлекеттік мекемелердің барлығы дерлік қашықтан жұмыс істеуге ауысады.

Дегенмен азық-түлік дүкендері мен наубайхана сияқты халыққа күнделікті қажет орындар күнделікті 10 мен 5 арасында ашық тұрады. Ал қоғамдық тамақтану орындарынан тек тапсырыспен тамақ алуға болады. Дегенмен шетелдік туристерге қатысты нақты ешқандай шектеу жоқ. Алайда туристік орындар мен қоғамдық тамақтанатын жерлер жабық тұрғандықтан және қала ішінде жүріп-тұру қиын болғандықтан туристердің әзірге елге келуінен бас тарта тұрғаны абзал.

Режеп Тайып Ердоған, Түркия Президенті: 
Ораза айтынан кейін өмірімізді жеңілдететін қадамдар жасау үшін вирус жұқтырғандар санының қазіргіден әлдақайда төмен болуы қажет. Еуропа елдері карантиннен ашылған кезде, біздің керіде қалып қоймауымыз үшін бір тәулікте вирус жұқтырғандар санын бес мыңнан төмендетуіміз керек. Олай істей алмасақ туризмнен бастап сауда-саттық және білім беру салаларында артта қалатынымыз анық.

Айдос Әшімұлы


Хабарламаларға жазылу