ШҚО-да кәсіпкерлік нысандар «Ashyq» қосымшасын қолдана бастады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да кәсіпкерлік нысандар «Ashyq» қосымшасын қолдана бастады

26.04.2021

«Ashyq» жобасын аймақтағы кәсіпкерлік нысандар қолдана бастады. Мобильді қосымша бизнес нысандарына карантиндік шаралар кезінде өз қызметін жалғастыруға мүмкіндік береді. Өңір тұрғындары да жаңа жүйеге бейімделіп, мобильді қосымша жүктеп, қажетті қызмет түрлерін алуда.

Өскеменде «Ashyq» қосымшамын алғаш болып кинотеатр қолдана бастады. Енді бұл жерге келген адам арнайы QR-кодты сканерлегенде оның коронавируспен ауырған, ауырмағаны және ПТР тест нәтижесі шыға келеді. Тіпті науқаспен байланыста болған, болмағаны да көрсетіледі.

Мақсат Мұхамети,   кинотеатр қызметкері: 
«Ashyq» қосымшасы бізге жұмыс істеуге мүмкіндік берді. Екінші жағы, кинотеатарға келушілер осы қосымша арқылы жанында індетпен ауырған адамдар жоқ екенін біледі.

Кәсіпкерлер палатасының Шығыс Қазақстандағы өкілдері осы жобаны 500-ге жуық кәсіпкерге таныстырған. Олардың 166-сы бірден жаңа қосымшаны пайдалануға ниет білдірген.

Талдықорған қаласындағы кәсіпкерлер де жаңа жобаның талаптарына сай жұмыс істеп жатыр.

 Диас Бейсенбек, Алматы облысы кәсіпкерлер палатасының ресми өкілі:
Өңір «қызыл» аймақта болса осы жоба бойынша кәсіпкерлік нысан сары аймақтың талаптары бойынша жұмыс істейді. Егер өңір «сары» аймақта болса онда кәсіпкерлік нысан «жасыл» аймақтағы ережелер бойынша жұмыс істейді.

«Ashyq» жобасына қосылғандар тізімінде әзірге қоғамдық тамақтану орындары, фитнес орталықтары мен кинотеатрлар көш бастап тұр. Қарапайым тұрғындар да осы мобильді қосымшаны жүктеп, қажетті қызмет түрлерін алуға біртіндеп бейімделуде.

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу