«Бұқар жырау Тауэрс» кешеніндегі атыс: Тергеу жүріп жатыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Бұқар жырау Тауэрс» кешеніндегі атыс: Тергеу жүріп жатыр

26.04.2021

Алматыда «Бұқар жырау Тауэрс» тұрғын үй кешенінде болған жантүршігерлік оқиғаға қатысты тергеу амалдары жалғасуда. 56 жастағы ер адамның мұндай әрекетіне нақты не себеп болғаны әзірге белгісіз. Ол туралы қандай болжам бар? Ал аяғы жарақаттанған күзетшінің жағдайы қалай? Нұрхан Нұрланұлы толығырақ баяндайды. 

Бүкіл елді дүрліктірген оқиға сенбі күні күндіз басталды. Әскери киінген ер адам кешеннің күзетшісімен жанжалдасып, аңшылыққа арналған мылтығымен аяғына оқ атқан. Кейін пәтеріне жасырынған. Оқиға орнына арнайы жасақ жетіп, тұрғындарды эвакуациялады. Ал мергендер көрші үйдің терезесінен күдіктіні нысанада ұстаса, сақшылар 6 сағаттан астам уақыт бойы оның өз еркімен берілуін талап етті. Алайда күдікті келіссөзге көнбей, кіреберіске шамамен 30 рет оқ атқан.

Артынша ер адам пәтерінің терезесін сындырып, мылтығымен қоса секіріп, оқиға орнында көз жұмды.

Нұрхан Нұрханұлы, тілші: 
Терезеден секіріп мерт болған азамат дәл осы пәтерде тұрған. Қазір үйдің есігі жабық, мөрленген. Ал айналада шашылған әйнек қалдықтары мен қоқысты қызметкерлер жинап үлгерген. Кіреберісте оқ дәрінің иісі қатты сезіледі. Дегенмен, 17 қабатта құдды бір ешкім тұрмайтын сияқты. Тып тыныш, ешқандай қозғалыс байқалмайды. 

Полиция дерегінше, көз жұмған ер адам Ресей азаматы болып шықты. Ал жуырда оның жары мен балалары үйінен кетіп қалғаны анықталды. Дегенмен, оның мұндай қадамға не үшін барғаны әзірге сұрақ күйінде қалып отыр.

Салтанат Әзірбек, Қалалық ІІд ресми өкілі:
Өте көп жанжалдасатын кісі еді, дейді. Көрші-көлеммен ұрысып, жергілікті тұрғындармен ұрыса беретін. Енді бұл мәлімет қаншалықты шындыққа жанасатынын біз тергеу амалдарын жүргізу арқылы нақты анықтайтын боламыз. 

Ал аяғына оқ тиген күзетші қалалық 7 ауруханада ем алып жатыр. Жағдайы тұрақты дейді дәрігерлер.

Бауыржан Өтешов, қалалық №7 клиникалық аурухананың травматолог-дәрігері:
Сол жақ тізе буынның жарақатымен келіп түсті. Науқасқа жедел көмек көрсетілді. Жағдайы бірқалыпты. Жарақат бөлімінде ем алып жатыр. 

Айта кетейік, арнайы операция кезінде арнайы жасақтың екі өкілі жарақат алды деген мәлімет тараған. Алайда, бұл қате ақпарат болып шықты. Барлығы дін аман, дейді полицейлер.

Нұрхан Нұрланұлы


алматы алматыдағы атыс Бұқар жырау Тауэрс

Хабарламаларға жазылу