Ғалымдар түрлі вакциналарды араластыруға болмайтынын айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ғалымдар түрлі вакциналарды араластыруға болмайтынын айтты

23.04.2021

QazVac вакцинасы медициналық ұйымдарға 26 сәуірде жеткізіледі. Қазір мамандарды нұсқаулықпен таныстыру жүріп жатыр. Өйткені екпелерді сақтау, салқындату режимі әртүрлі. Отандық вакцинаның 50 мың дозасы әзірге 4 өңірге ғана жөнелтілгені белгілі. Сондықтан алдымен «Спутник-V»-ді алмаған қауіпті топтағы дәрігерлер, полицей, мұғалімдер қамтылады. Қалғанын кез келген қазақстандық салдыра алады.

Алайда мамандар екі түрлі екпені араластыруға болмайды деп отыр. Өйткені бір вакцинаның толық компонентін аяқтамай, басқа препаратты салдырудан ешқандай пайда жоқ. Яғни, антидене қалыптаспайды. Ал жүктілікті жоспарлап жүрген келіншектер вакцинаны кемінде 2 ай бұрын қабылдау керек. 

Айнагүл Қуатбаева, ҚР ДСМ қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының басқарма төрағасының орынбасары: 
Еріктілердің арасында жүкті әйелдердің болмауына байланысты олардың ағзасында вакцина қалай жүретіні туралы ғылыми мәліметіміз жоқ. Осыған байланысты осындай шешім қабылданып отыр. Осыған байланысты тағы да айтып өтетінім вакцинациядан кейін 2 айдан кейін жүктілікті жоспарлай беруге болады. 

Асима Нұрбайқызы

Хабарламаларға жазылу