Петропавлда зауыт жұмысшылары жалақысын ала алмай жүр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Петропавлда зауыт жұмысшылары жалақысын ала алмай жүр

23.04.2021

Петропавл ауыр машина жасау зауытының жұмысшылары ақпан айынан бері еңбекақыларын ала алмай жүр. Кәсіпорынның жалақы бойынша қарызы 86 млн теңгеден асып кеткен.

Ақадал ақшасын ала алмай жүрген 700 қызметкер кәсіпорын басшысының жұмыстан кетуін талап етуде. Көпшілік соңғы жылдары жалақының азайғанына да наразы.

Болат Бегәлімов, жұмысшы: 
Біз ешқайда шағымданған жоқпыз. Директор құзырлы органдарға арыз жазсақ, айыппұл салынатынын, жағдай ушыға түсетінін ескертті. Қазір зауытты жабылып қалудан мемлекет қолдауы ғана құтқарады деп ойлаймын. Тығырықтан шығар басқа жол көріп тұрған жоқпын. 

Екі жыл бұрын 4 млрд-тан астам қаржы бөлініп, зауыт қайта жаңғыртылғанымен Германиядан әкелінген қондырғыларды әлі күнге дейін шаң басып тұр. Оны іске қосу үшін шетелден мамандар келуі тиіс. Пандемияға байланысты әзірге бұл мүмкін болмай тұр. Оның үстіне мұнай өндіруші компаниялар тарапынан сұраныс күрт төмендеген соң, қаражат тапшылығы тауындады дейді кәсіпорын басшылығы. Тапсырысты тек ішінара орындап жатқан зауыттан жұмысшылар да кете бастаған. 

Елена Стадник, «ПАМЖ» АҚ баспасөз хатшысы:
Кәсіпорында жоспарланған тендер уақытылы өтпей қалды. Осыдан жалақы қарызы пайда болды. Жуырда мәселе шешіледі. 500 млн теңгеге келісімшарт жасалды. Мамыр айына дейін жалақы қарызы өтеледі.

Эльмира Кәленова 

петропавл зауыт жұмысшылары жалақы директор машина жасау зауыты

Хабарламаларға жазылу