Қостанайда газ қымбаттады. Өңірде сұйылтылған отынның бағасы жыл басынан бері 18 теңгеге өсті. Сұранысқа ие әлеуметтік газдың тапшылығы жыл соңына дейін жалғасуы мүмкін, сондықтан баға да құбылмалы болады дейді мамандар.
Жыл басында Қостанайда сұйылтылған газ бағасы 65 теңге болған еді. Одан ақырындап жылжып жетпіске жетті. Күні кешеге дейін газ құю бекеттерінен жұрт оның литрін 75 теңгеден сатып алып жүрді. Ал бүгін бірден 8 жарым теңгеге көтерілген.
Базар Сейдалин, газ құю бекетінің қызметкері:
Бүгінгі ауысымға келсем 83 теңге 50 тиын болып кетіпті. Аяқ астынан. Бензин бағасы да қымбат. Мұның соңынан енді қызмет көрсету саласы, азық-түлік те көтеріледі ғой. Халыққа қиын.
Аманжол Кенжетаев, жүргізуші:
Адамдарға ешқандай мүмкіндік қалмады қаржы үнемдеуге. Бензин қымбат болғасын көлігі барлардың көбі арзан ғой деп газға көшті. Енді оны да қымбаттатып жатыр. Қалай күн көреуге болады?
Нарықта арзанға саудаланып келген әлеуметтік газдың үлесі азайғандықтан баға көтерілді дейді газ саудасымен айналыстан мекеме өкілдері. Яғни бұған дейін саудаға шығарылатын сұйық отынның басым бөлігі әр литрі отыз сегіз теңге тұратын әлеуметтік газға тиесілі еді. Бүгінде бұл көрсеткіш 5 процентке азайып, оның орнын көтерме саудада литрі 82 теңге тұратын коммерциялық газ басқан.
Аллаберген Оразымбетов, «Сығымдалған газ базасы» ЖШС директоры:
Бұл Энергетика министрлігінің шешімі. Нарық заңына сәйкес мүмкін бағаны күштеп ұстау өндіруші зауыттарға тиімсіз шығар. Бағасы тұрақты, әрі арзан әлеуметтік газды саудалау бізге де пайдалы еді. Енді қазір электронды сауда алаңындағы құбылмалы құнға тәуелді болып қалдық.
Қазір аймаққа әкелінетін әлеуметтік газдың үлесі 65 процент. Оны Энергетика министрлігі ай сайын бес процентке азайта бермек. Сөйтіп жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 65-тен 20 процентке дейін төмендеуі тиіс. Яғни газ бағасы әлі де қамбаттайды деген сөз. Әзірге жергілікті билік өкілдері бұл жағдайға ешқандай түсінік бермей отыр.
Дәуренбек Әбдібек