Тұмса табиғаты мен талантты тұлғалар мекені – Баянауылды насихаттау керек. Ондағы кесене, мазарлардың арасын біріктіру арқылы ішкі туризмді дамытуға болады. Нақтырақ айтқанда Бұқар жырау мен Мәшһүр Жүсіп кесенелеріне баратын 30 шақырым жол жаңа туристік бағытқа айналуы тиіс. Сенатор Алтынбек Нухұлы осындай ұсыныс айтты. Қос алыптың арасында басқа да тарихи тұлғаларға қатысты көптеген көне орындар бар. Бірақ, жолдардың сапасы саланың түлеуіне тұсау болып тұр.
Алтынбек Нұхұлы, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
Қазақстанда жылына 3 мың шақырым жол салынып жатқанда, 30 шақырымдық жолды қосу қиындық тудыра қоймас.Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығында киелі мекеннің қадір-қасиеті мен бабалар рухына тағзым етіп, келелі шешім қабылдауымыз керек.
Сондай-ақ сенаторлар Сарайшық қаласын сақтап, туристік аймаққа айналдыру үшін арнайы бағдарлама дайындауды ұсынды. Археолог Зейнолла Самашев ХІV ғасырда салынған 40 шақты бөлмеден тұратын кешенді сарай ғимаратын ашты. Бірақ музейге айналдыру жұмысы әлі қолға алынбай отыр. Бүгінде ескі Сарайшық ауылында 90 үй бар. Тұрғындарды басқа жерге көшіру мәселесі сөз күйінде қалып келеді. Осы жұмыстарға қазынадан жоспарлы түрде қаражат бөлуді сұрады депутаттар.
Нысаналы Ығыл