Алматыда болған тікұшақ апатының себептері әлі белгісіз - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда болған тікұшақ апатының себептері әлі белгісіз

18.01.2019

Алматыдағы тікұшақ апатынан кейін «Sky service» компаниясына тиесілі ұшақтардың жұмысы тоқтатылды. Бұл туралы Азаматтық авиация комитетінің баспасөз қызметі хабарлады. Ал, мамандар апат себебінің 3 түрлі нұсқасын айтты.

Апат болған «Алатау» сауықтыру кешенінің аймағына мамандар бүгін де ешкімді кіргізбеді. Тілшілердің сұрағына қысқа ғана жауап беріп, болжамдарымен бөлісті. Олардың айтуынша, апаттың 3 түрлі себебі бар: техникалық ақауға, ұшқыштың қателігіне, ауа райының қолайсыздығына байланысты болуы мүмкін. «Бірақ, мұны жіті тексеру қажет», дейді мамандар. Бастысы, тікұшақтың «қара жәшігі» табылған.

Нұрлан Жұмасұлтанов, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Авиациялық оқиғаларды тергеу басқармасының жетекшісі:

- Кеше қалың тұман болғанын көрдіңіздер. Тіпті, 150 метр жердегі жол көрінбеді. Сондықтан, оқиғаға қолайсыз ауа райы әсер еткен болуы мүмкін. Ұшқыш байланысқа соңғы рет сағат 16:05-те шыққан, ал, ұшақ 16:08-де құлаған. Қазір барлық құжаттарды жинап жатырмыз. Объективті бақылау құралдары жақсы сақталған, бұзылмаған. Біз бәрін тәркілеп алып жатырмыз. Оны тәуелсіз зерттеу ұйымдарына сараптамаға жібереміз. Бірақ, процесс ұзаққа созылуы мүмкін.

Құлаған тікұшақ «Sky service» компаниясына тиесілі екені кеше айтылған. Бірақ, бүгін аталған компания тікұшақтың негізгі иесі «Тау логистик Way» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі екенін хабарлады. Ұшу да осы компанияның өтінішімен жүзеге асырылған. Ал, құлаған тікұшақ 9 қаңтар күні ғана техникалық тексеруден өткен. «Тікұшақ әуеге көтерілер алдында барлық талаптар орындалған», дейді мамандар.

Игорь Медведев, «Sky service» компаниясының қызметкері:

- Ұшқыш ұшардан бір сағат бұрын ғана медициналық тексеруден өткен. Барлығы жан-жақты қарастырылған. Арнайы рұқсатпен әуеге көтерілген. Сондықтан, оқыс жағдайдың құрбаны болған әріптесіміздің отбасына көңіл айтамыз.

Валентин Шитовты 27 жылдан бері танитын досы ол өте тәжірибелі маман болғанын айтады. Әуе көгінде 3189 сағат, ал, дәл осындай ұшақпен 1870 сағат ұшқан.

Қайтыс болған ұшқыштың әріптестерінің айтуынша, ол кеше Боралдайдағы әуежайдан сағат 15:50-де ұшып шыққан. Ал, бұл жерден әдетте үлкен Алматы көліне 15-16 минутта жетуге болады екен. Бірақ, кеше сондай уақытта тікұшақ діттеген жеріне жетпей апатқа ұшырады. Сондай-ақ, әріптестерінің айтуынша, Валентин Шитов басқарған ұшақ өзінің әдеттегі тұрақты жүру сызығынан 2 шақырымға басқа бағытқа бұрылып кеткен. «Сондықтан, апаттың ауа райынан да басқа себептері болуы мүмкін», дейді олар.

Апаттың себептері алдағы күндері анықталады. Ал, қайтыс болған ұшқыштың жақындары оны ертең жер қойнына тапсырады. Оның артында жары мен бір ұл, бір қызы қалды.

Аманкелді СЕЙТХАН

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу