Ақтөбеде жиырмаға жуық отбасы далада қалғалы тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде жиырмаға жуық отбасы далада қалғалы тұр

21.04.2021

Ақтөбеде жалғызбасты және мүгедек бала тәрбиелеп отырған жиырмаға жуық ана далада қалғалы тұр. Оларға үш жыл бұрын жергілікті билік әлі тапсырылмаған үйден уақытша тұруға пәтерлер берген. Ал, баспана осы жылдар ішінде банкте аресте тұрған. Енді банк баспаналарды сатуға дайындап жатқандықтан бұларға бір ай ғана уақыт беріп отыр. Мәселенің мән-жәйін Жақсыбек Кемал анықтап көрді.

 Жақсыбек Кемал, тілші: 
Бұл үй шындығында әлі күнге қолданысқа берілмеген. Мәселен, мына қабаттағы пәтерлердің барлығы бос тұр. Баспаналарға ыстық су мен көгілдір отын тартылмаған, жеделсаты әлі күнге дейін жұмыс істемеген күйі тұр.

Тұрғындар кезінде қарызданып, өздері жөндеу жұмыстарын жүргізген, қажетті сантехникалық қондырғыларды сатып алған.

Шамшырақ Құсайынова, қала тұрғыны: 
Қалай қараусыз қалған үй екенін білмеймін. Мен қуанып келгенде, шок болдым, өш, мындай да үй бола ма деп. 

Соңғы 4-5 жылдан бері бұл үйдің мәселесі шешілмей келеді. Құрылыс компаниясы үйді кепілге қойып, банктен қарыз алған. Ал, құрылысты жүргізген компания басшысы шет елге қашып кеткен деседі. Тұрғындардың көбі пәтерді сатып алғанмен, ресми тіркеп үлгермеген. Ал үш жыл бұрын әкімдік көмек сұрап келген көпбалалы отбасылар мен жалғыз басты аналарға дәл осы үйден уақытша пәтерлер бөлген. Қазір енді банк баспананың 100 пайыз құнын төлеп қана қалуға болатынын ескертіп отыр.Шарасыз тұрғындар әкімдік өкілдерінен сатып алу құқығымен болса да тез арада пәтер берілсе дейді.

Жайнагүл Майжанова, қала тұрғыны: 
Уақытша тұратын баспана тауып берсін. Болмаса кезегімізді қарап, үй берсін. Болмаса бөліп төлеуге банкпен келісіп, жеңілдік жасаса.

Алайда, тұрғын үй саласына жауаптылардың айтар уәжі басқа.

Жандос Әлімов, қалалық тұрғын үй қатынастары бөлімінің басшысы: 
Он мың теңгеден айына жинап отырғанның өзінде қазір үй алатын мүмкіндігі бар еді. Уақыты келгенде шығатынын білді. Сондықтан үш жылдан бері тұрғындардың өздері әрекетсіздік танытып отыр.

Әкімдіктегілер мәселенің оңай шешілмейтінін мойындап отыр. Яғни, тұрғындар үшін Тұрғын үй жинақ банкі арқылы баспаналы болудан басқа жол жоқ.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу