Шымкентте карантин талаптарын сақтамаған білім ордаларына айыппұл салынды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шымкентте карантин талаптарын сақтамаған білім ордаларына айыппұл салынды

21.04.2021

Елдегі эпидемиологиялық ахуал мәз емес. Батыс Қазақстанда 4 мектеп карантинге жабылса, Шымкентте 9 балабақша мен 10 оқу орны індет ошағы ретінде жұмысын тоқтатты. Ал Қызылорда мен Маңғыстау облыстары «қызыл» аймаққа енді. 

Батыс Қазақстанда сәуір айы басталғалы 162 оқушы коронавирус жұқтырған. Сол себепті, 4 мектеп толықтай карантинге жабылса, 66 сынып онлайн оқуға көшті. Індет балабақшалар мен университет қабырғасынан да анықталып, ондағы топтарда сабақ тоқтатылды. Жалпы соңғы аптада инфекция жұқтыру көрсеткіші аймақта 18 пайызға артып отыр.

Шымкентте 9 балабақша мен 10 жоғары және арнаулы оқу орны карантинге жабылды. Қазір індет ошақтарында залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал санитарлық талаптарды сақтамаған 5 балабақша мен 34 мектепке жалпы сомасы 3,5 миллион теңге айыппұл салынған.

Сыр өңірінде сәуір айынна бастап індетке шалдыққандар саны күрт өсіп, жағдай ушыға түсті. Мәселен, 20 күнде облыста 846 адам кесел жұқтырған. Соның ішінде, 14 жасқа дейінгі балалар көп. Жыл басынан бері 350-ге жуық жасөспірім коронавирус инфекциясына шалдыққан. Әзірге, өңір бойынша блок бекеттер қойылған жоқ. Бұл мәселе штаб отырысында қаралады.

Маңғыстау облысы да бүгін коронавирус инфекциясының таралуы бойынша «қызыл»  аймаққа өтті. Осыған орай, бас санитар дәрігердің карантиндік шараларды күшейту жөніңдегі жаңа қаулысы әзірленуде. Әзірге, өңірде 9-бен 11-сыныптан басқасы онлайн оқиды. Ал, мемлекеттік қызметкерлердің 50 пайызы қашықтан жұмыс істеуде.

Әділбек Серікұлы

Хабарламаларға жазылу