Президент Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваны қабылдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваны қабылдады

20.04.2021

Мемлекет басшысы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашевті қабылдады. Ол Президентке екінші жарты жылдықта өтуі тиіс аудандық маңызы бар қалалардың, ауылдық округтердің, кенттердің әкімдерін тікелей сайлауға қатысты дайындық жұмыстары туралы баяндады. Сонымен қатар пандемия кезінде өтетін сайлау барысында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары талқыланды. Президент Берік Имашевқа бірқатар тапсырма берді.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевты қабылдады. Кездесуде еліміздегі криминогендік жағдай, ішкі істер органдарының атқарған жұмыстары туралы мәлімет берілді. Ерлан Тұрғымбаевтың айтуынша, биыл қылмыс деңгейі 13 пайызға қысқарған, тонау, ұрлық және бұзақылық 37 пайызға аз тіркелген. Мемлекет басшысы ішкі істер органдарын цифрландыру, жол апаттарының алдын алу жұмыстарын жандандыру бойынша бірқатар тапсырма берді.

Президент Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваны да қабылдады. Мемлекет басшысына министрліктің ақпараттық саясат пен азаматтық қоғамды дамыту бағытында атқарып жатқан жұмыстары жайында баяндалды. Атап айтқанда, мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелері бойынша ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына, оның ішінде, волонтерлік қозғалысты және экологиялық ағарту шараларын одан әрі дамытуға, ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында атқарылатын іс-шараларды жүзеге асыруға қатысты бұған дейін берген тапсырмалардың орындалу барысы айтылды.

Президентке «Қоғамдық кеңестер туралы» және «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» заңнамаларға енгізілген жаңа түзетулердің жүзеге асырылу барысы туралы да есеп берілді. Сондай-ақ министр Мемлекет басшысының қоғамдық бақылау, волонтерлік және қайырымдылық қызмет туралы жаңа заң жобаларын әзірлеу жөніндегі тапсырмаларының орындалуы жайында баяндады. Кездесу соңында Президент министрлікке бірқатар нақты міндет жүктеді.

Раушан Сайлауқызы


Президент Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева

Хабарламаларға жазылу