Таразда белгісіз біреулер атып кеткен жеткіншектердің денесінен дәрігерлер 6 оқ алып шықты. Қазір науқастар ем қабылдап жатыр. Оқиға 15 сәуір күні Шөлдала алқабында болған. Белгілісі оқ тиген жасөспірімдер түнгі сағат 1:30-дар шамасында ауруханаға жеткізілген. Жарақат пунктінде медициналық көмек көрсетілген. Олардың екеуі - 17, біреуі - 16 жастағы бозбала. Оқ біреуінің беті мен мойнына, қалған екеуінің аяғы мен қолына тиген. Абырой болғанда бытыра денелеріне терең дарымаған. «Ішкі органдар зақымданбай аман қалды» дейді дәрігерлер. Науқастар бір-екі күнде ауруханадан шығарылады.
Демеу Әліпбаев, травматолог-ортопед:
Алыстан болғаннан кейін шашыранды болып жарақаттанған. Бірақ ешқандай өміріне қауіпті мүшелері зақымданбаған. Бытыра оқтары тері асты жұмсақ тіндер деңгейінде қалған.
Сәбит Әлдебай