Инспекторды өлтірген қаскөйлерді қатаң жаза күтіп тұр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Инспекторды өлтірген қаскөйлерді қатаң жаза күтіп тұр

16.01.2019

«Браконьерлердің тіреуі мықты болса да, қылмыстық жауапкершіліктен сытылып кетпейтініне сендіремін», деді Бас прокурордың орынбасары Андрей Лукин. Қарағанды облысының Нұра ауданы аумағындағы қанды оқиғаға қатысты қандай фактілер анықталды? Киіктерге араша түсіп, қаза тапқан азамат кім еді?

Ен далада киік қырып, адам өлтірген браконьерлердің ісі елді дүрліктірді. Қазір қоғамның құлағы түрік отыр. Бүгінгі мәліметке сәйкес, қылмысқа қатысты күдіктілер түгел белгілі. Енді ізіне түсіп, оларды ұстау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Тек көпшілік «қаскөйлер қолға түскенімен, жеңіл жазамен құтылып кетпесе екен», дейді.

Андрей Лукин, ҚР Бас прокурорының орынбасары:

- Отбасының да, қоғамның да қайғысы. Аталған факті Бас прокурор мен Ішкі істер министрінің тікелей назарында. Сол себепті бұған қатысы барлар Қылмыстық кодекске сәйкес қатаң жазаланады. Еш күмән болмасын. Олардың кім екеніне қарамаймыз.

Еске салсақ, 13 қаңтарда табиғат қорғаушылары Ерлан Нұрғалиев пен Петр Ницык жолай атылған 5 киікті табады. Із кесіп, мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ Toyota Land Cruiser маркалы екі көліктің соңына түсіп, көліктердің бірін қуып жеткен. Осы кезде ұсталғандар бағынбай, күш көрсеткен.

Петр Ницык, «Охотзоопром» ӨБ» РМҚК инспекторы:

- Турасын айтқанда, нағыз күрес басталды. Мен біреуін құлаттым, осы кезде артымнан біреу келіп соқты. Тұрайын дегенімде, бетімнен мылтықпен ұрды. Есімді жиғанымда Ерланның қардың үстінде жатқанын көрдім. Үсті-басы қан-қан.

53 жасында қапияда қаза болған Ерлан Нұрғалиев - Ақмола облысының тумасы. 7 жылдан бері Қарағанды тірек пунктінде Орталық аймақтық филиалдың инспекторы қызметін атқарды. Кезінде учаскелік полицей де болған. Әріптестері мен достарының айтуынша, ол кәсібіне адал азамат еді. Қаскөйлердің қолынан қаза тапқан Ерлан Нұрғалиев ертең туған мекенінде жерленеді. Марқұмның соңында әйелі мен жалғыз ұлы қалды.

Нысаналы ЫҒЫЛ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу