Президент актриса Ғазиза Әбдінәбиеваның отбасына көңіл айтты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент актриса Ғазиза Әбдінәбиеваның отбасына көңіл айтты

19.04.2021

Қазақ театр және кино өнері орны толмас қазаға ұшырады. Мұхтар Әуезов атындағы қазақ ұлттық академиялық драма театрының актрисасы, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, «Парасат» және «Құрмет» ордендерінің иегері Ғазиза Әбдінәбиева өмірден өтті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өнер қайраткерінің қазасына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады.

«Ғазиза Мәкешқызы әрбір қазақстандықтың жадында жарқылдап, жадырап жүретін бейнесімен қалды. Марқұмның иманы саламат, жаны жәннатта болсын», -делінген жеделхатта.

Ол Қызылорда облысы Сырдария ауданында дүниеге келген. Қазақ Ұлттық консерваториясының «Актерлік шеберлік» факультетін бітіріп, 1969 жылы Ғабит Мүсірепов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрына жұмысқа қабылданды. Осы өнер ордасында 1993 жылға дейін аянбай еңбек етті. 1993 жылдан Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрының актерлік бөліміне ауысып, өмірінің соңына дейін қара шаңырақта қызмет атқарды. Сонымен қатар талантты актриса «Тоғысқан тағдырлар» телехикаясында Розаның, «Шегіртке» кинокартинасында Маргоның ролін сомдап, көрермен көзайымына айналды.

«Сіз кімсіз, Ка мырза?», «Біржан сал», «Кемпір», «Зауал» сынды бас-аяғы 20-ға жуық фильмдегі образдары халық жүрегінен орын алды. Өнердегі әріптес-інілері оның өмірге құштар, өнерге адал болғанын айтады.

Жалғас Толғанбай, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері: 
Қазақ өнеріне, қазақ театрына, жалпы қазақ киносына қосқан үлесі ұшан теңіз. Жаны жайсаң, өте адал, қарапайым, бойы тұнған жақсылық жақсы кісі еді.  Ағайын, туысқандарына, жалпы қазақ еліне қайғырып көңіл айтамын.


Хабарламаларға жазылу