Браконьерлер инспекторларды соққыға жыққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Браконьерлер инспекторларды соққыға жыққан

14.01.2019

Қарағанды облысының Нұра ауданы аумағында рейдке шыққан «Охотзоопром» республикалық мекемесінің қызметкерлеріне браконьерлер қарсылық көрсетті. Кеше кешкі 18:00 шамасында кезекті тексеріске шыққан табиғат қорғаушылары жолай атылған 5 киіктің етін тапқан. Із кесе отырып, олар мемлекеттік тіркеу нөмірі жоқ Toyota Land Cruiser маркалы екі көліктің соңына түскен. Ішінде 6 жолаушысы бар көліктердің бірін қуып жеткен. Осы кезде ұсталғандар бағынбай, күш көрсеткен. Инспекторлардың бірі дене жарақатын алған. Ал, екінші инспектордың қатты соққыдан миы шайқалып, ес-түссіз ауруханаға түскен. Бұған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Күдіктілер іздестірілуде.

Жанатай Сембеков, облыстық ІІП департаменті мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасының басшысы:

- Қарағанды облысының Нұра ауданында болған «Охотзоопром» мекемесінің 2 инспекторына қарсылық көрсетіп, дене жарақатын салғаны жөніндегі жайтқа қатысты қылмыстық іс қозғалды. Бүгінгі таңда күдіктілерді ұстау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Күні-түні дала кезетін браконьерлер көзге түскен аңды ғана емес, алдына келген адамды да аямайды. Алайда, табиғи қорықтарды қорғайтын инспекторлар олармен күресті күшейтпесе, бәсеңдетпеген. Сирек саналатын аңды күзететін мамандар орташа есеппен 110 мың теңге көлемінде жалақы алады екен. Ал, егер браконьерлерді қолға түсірсе, еңбекақыларына қосымша 1 айлық шамасында сыйақы беріледі. Қарағанды облысында қарақшылар қолынан аяусыз зардап шегіп, ауруханаға түскен екі инспекторға «Охотзоопром» мекемесі сыйақымен қатар, бір күндік жалақыларын аударады. Бұл туралы бүгін Ауыл шаруашылығы министрлігінің өкілдері мәлімдеді. Ресми органның хабарлауынша, заңсыз киік аулау фактілері бірнеше облыста тіркелген. Аймақта қарақшылар көбінесе Торғай даласы мен Қорғалжын қорығы аумағын торуылдайды екен.

Қайыр Рыскелдинов, ҚР АШМ Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің төрағасы:

- Былтыр броконьердің 77 ісі тіркелді. Оның ішінде 429 киік атылды. 501 дана мүйіз алынды.

 Руслан НҰРЛАНҰЛЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу