Сергеев су қоймасы ернеуінен 120 сантиметрге асты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сергеев су қоймасы ернеуінен 120 сантиметрге асты

15.04.2021

Тасқын суға тосқауыл. Ақмола облысына қарасты Целиноград пен Аршалы аудандары су астында қалмас үшін қосымша күш тартылды. Қарағанды өңірінен келген әскерилер әсіресе №42 Разъезд стансасы мен Жібек жолы ауылында тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Бүгін елді мекендердің айналасын құм салынған қаптармен қоршауға алды. Аршалы ауданында 6 мың 700 текше метрден аса су сорылды.

Нұрлан Атығаев, Ақмола облыстық ТЖД бастығы: 
Астана су қоймасынан ағын судың артуы салдарынан қос ауылда қауіп туындады. Соған байланысты Азаматтық қорғаныс полкінің 52/859 әскери бөлімі күштерінен 50 адам және 3 техника жіберілді. Төтенше жағдай департаменті Ақмола гарнизоны күштерінен де 30 адам, 3 техника, 4 мотопомпа күштері біріктірілді.

Солтүстік Қазақстанда орналасқан Сергеев қоймасындағы су деңгейі ернеуінен 120 сантиметрге асып, төгіліп жатыр. Есіл өзенінің максималды деңгейі Сергеевка қаласының маңында тіркелді. Су жақын күндері Петропавлға жетпек. Мамандардың болжамынша өңірде 79 елді мекенді су басуы мүмкін.

Нысаналы Ығыл


Хабарламаларға жазылу