Президент Түркістан және Павлодар облыстары әкімдерінің есебін тыңдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Президент Түркістан және Павлодар облыстары әкімдерінің есебін тыңдады

15.04.2021

Мемлекет басшысы телефон арқылы Түркістан және Павлодар облыстары әкімдерінің есебін тыңдады. Бұл туралы Президенттің баспасөз хатшысы Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында жазды.

Өмірзақ Шөкеев Президентке жаңа Сауран ауданын құру жұмыстарының барысы туралы мәлімет берді. Облыс басшысының айтуынша, қазір жаңа әкімдіктің басқару жүйесі мен бюджеті бекітіліп жатыр. Әңгіме барысында электр қуатының апаттық жағдайда сөнуінен болған зардаптарды қалпына келтіру, су тасқынының алдын алу және егіс науқанына судың жетіспеушілігі проблемасын шешу мәселелеріне баса мән берілді.

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Президентке коронавирус індетіне қарсы жүргізіліп жатқан күрес шаралары жайында есеп берді. Аймақта 19 мыңнан астам адамға екпе егіліп, 4100 азамат вакцинаның екінші компонентін салдырған. Аймақта көктемгі егіс науқанына дайындық қызу жүріп жатыр. Әкімнің айтуынша, биыл 1 млн 490 мың гектар жерге егістік салу жоспарланған. Бұл былтырғы көрсеткіштен 59 мың гектарға артық.

Мемлекет басшысы облыс әкімдеріне өңірлердегі эпид ахуалды тұрақтандыруға және вакциналау жұмыстарын жандандыруға қатысты бірқатар нақты тапсырма берді.

Шерхан Жамбылұлы

Хабарламаларға жазылу