ШҚО-да Әділет департаментінің бөлім басшысы қызметкерін соққыға жыққан - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

ШҚО-да Әділет департаментінің бөлім басшысы қызметкерін соққыға жыққан

15.04.2021

Шығыс Қазақстанда Әділет департаментіндегі бөлім басшысы қарамағындағы қызметкерін соққыға жықты. Әріптесіне қол көтерген басшы әділет департаментіндегі тәртіптік комиссияның төрағасы екен. Сөйте тұра, жұмыс барысында сөзге кеп қалған 34 жастағы мемлекеттік қызметкер жасы 50-ден асқан инспекторды ұрып жіберген. Зардап шегуші полиция мен мемлекеттік қызмет істер агенттігіне арыз жазып, өзіне қол көтерген әріптесін жазаға тартуды талап етуде. Ал жұмыс кезінде дөрекілік танытқан бөлім басшысы дереу бала күтіміне байланысты декреттік демалысқа шығып кеткен. Жұмыста жүріп соққыға жығылған инспектор соттасуға да дайын. 

Жанат Қадырбеков, облыстық Әділет департаментінің инспекторы:
Дауысын қатты көтеріп, менің беделімді түсіріп, Сіз осылай істедіңіз деп маған, мен бәрін дәлелдеп айтайын деп едім, бұл кісі тыңдамай, жұмыс үстелді айналып, мұрнымнан соқты. Қатты соқты, қан аққан жоқ, бірақ танауым ісіп кетті.

Ал бұған дейін екі рет бірдей оғаш қылықтарымен көзге түскен Мәдениет басқармасының бастығы Мирас Жұмағұлов қызметінен кетті. Тәртіптік комиссия өткен аптада шенеунікті қызметінен кетіру туралы ұсыныс жасаған болатын.  

Берік Көшербай


Хабарламаларға жазылу