Америка мен НАТО әскері Ауғанстаннан бірге шығарылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Америка мен НАТО әскері Ауғанстаннан бірге шығарылады

15.04.2021

Американың ең ұзақ соғысын аяқтап, жауынгерлерімізді үйге қайтаратын кез жетті. Мұны АҚШ президенті Джо Байден Ауғанстандағы әскерді шығару жоспарын ресми түрде жариялай отырып мәлімдеді. 

Оның сөзінше, Пентагонның 2,5 мың сарбазы мен офицері мамырдың 1-де әкетіле бастайды. Ал, қыркүйектің 11-нен кейін ауған жерінде Құрама Штаттар контингенті қалмауы керек. Осы мәселені шешуді АҚШ-тың төрт президенті қарастырған екен. «Бұл жауапкершілікті бесінші президентке қалдымаймын», - дейді Байден.

Америка Ауғанстанда 2400-дей әскери қызметкер жоғалтып, шамамен 2 триллион доллар шығындады. Ал, 2011 жылы оның бұл мемлекеттегі контингентінің саны 100 мыңнан асып кетті. Тағы бір айта кететін жайт, АҚШ әскерінің Ауғанстаннан кету датасы 2001 жылы Нью-Йорктегі Әлемдік сауда орталығы мен Пентагонға жасалған алапат терактілердің 20-жылдығымен сәйкес келіп отыр. Бірақ, содан бері «Талибан» қозғалысы қайта күшейіп, елдің жартысынан астамын басып алған.

НАТО да өзінің Ауғанстандағы 7 мың адамдық контингентін АҚШ-пен бірге шығармақ. Мұны Брюссельде осы альянстың бас хатшысы Йенс Столтенберг, АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкен және Пентагон басшысы Ллойд Остиндер мәлімдеді.

Арыстан Рысбек

Хабарламаларға жазылу