Депутаттар бензин бағасын бақылауға алуды талап етті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Депутаттар бензин бағасын бақылауға алуды талап етті

14.04.2021

Депутаттар жүгенсіз кеткен бензин бағасын бақылауға алуды талап етті. Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутат Альберт Рау өзінің Үкіметке жолдаған сауалында үкіметке бензин бағасын реттеу тетіктерін әзірлеу қажеттігін айтты. Жыл басынан бері АИ-92 маркалы бензиннің бағасы 20-дан 40 теңгеге көтерілді. Жиын-терін науқаны басталар тұста жанармай бағасының қымбаттайтыны дәстүрге айналғалы қашан. Бұл жолғы қымбатшылыққа Атырау мұнай өңдеу зауытындағы апат себеп. Ал, энергетика министрлігі бензин бағасын біз реттемейміз деп отыр. Біздегі баға сұраныс пен ұсынысқа негізделе реттеледі. Ақырғы баға мұнай өнімнің көтерме бағасы, жанармай құю бекеттеріне дейінгі көлік шығындары, оны мұнай базаларында сақтау, бөлшек сауда дистрибьюторының шығыстары, сондай-ақ акциздер мен салықтар негізінде қалыптасады.

Альберт Рау, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты: 
Жұмсақ тілмен айтқанда, тиісті ведомствоның бензин бағасының көтерілуіне қатысты тиісті стратегиясы мен тиісті шаралардың жоқтығын айғақтайды. Үкіметке жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша жедел шаралар қабылдау қажет. Бағаны реттеудің тиімді тетіктерін әзірлеу және енгізу, бәсекелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттікпен бірлесіп, бағаны кейбір адамдардың келісе көтеріп жіберуіне қатысты тергеуі керек.

Альберт Раудың депутаттық сауалына салаға жауапты энергетика вице-министрі былай деп жауап берді.

Әсет Мағауов, ҚР Энергетика вице-министрі:
Бағаны реттеу және арзан мұнай өнімдерін ішкі нарықта үйлестіру пайдасыз әрі шығын. Арзан мұнай өнімдері шекаралас аймақтардың тұрғындары үшін тиімді болмақ. Олар үшін көлеңкелі бизнеспен шұғылдануына жол ашылып, жанармай түрлі жолмен тасымалданады. Бұл өз кезегінде мұнай өңдеу саласының тұрақты дамуына едәуір кедергі болмақ. 

Ғабит Бөкенбай

Хабарламаларға жазылу