Солтүстік Қазақстан облысында ауылдың ортасындағы жолды су шайып кетті. Шал ақын ауданына қарасты Жаңажол ауылында түсірілген бейнежазба әлеуметтік желіде тарады.
Жалпы өңір бойынша 6 жол учаскесін су басты. Төртеуінде көлік қозғалысына шектеу қойылып, тәртіп сақшылары кезекшілік атқаруда. Сергеев су қоймасы арнасынан 54 сантиметрге асқан. Мамандардың болжамы бойынша, алдағы күндері су Петропавл қаласына жетуі мүмкін.
Рамиль Камалов, СҚО ТЖД бастығы:
Аудандық штабтар су тасқынына дайын. Айыртау, Мүсірепов, Уәлиханов аудандарындаға елді мекендерге шағын өзендерден қауіп төніп тұр. Әзірге су қарқыны күші емес. Түрлі техника көмегімен өзендер деңгейін төмендетіп жатырмыз.
Қостанай облысының Майлин ауданында тасқын су Журавлев ауылына баратын көпірді шайып кетті. Аудан басшылары алайда елді мекенмен қатынас үзілмейді деп отыр. Себебі ауылға айналма жолмен алып баратын тағы бір өткел бар. Ал бұзылған көпірді жөндеу су деңгейі түскен соң іле басалады. Жалпы облыста қазір үш бағытта қозғалыс шектелген. Еріген қар суы Қарасу-Үлкен Чураковка бағытында және Сарыкөл ауданының Солтүстік Қазақстанмен шектесетін тұсында жолдан асып ағып жатыр. Сонымен қатар Жітіқара ауданындағы Маринов ауылына кіреберіс жол да су астында қалған.
Дәуренбек Әбдібек