АҚШ президенті Джо Байден ресейлік әріптесі Владимир Путинмен телефон арқылы сөйлесіп, үшінші елде саммит өткізуді ұсынды. Алайда, ол кездесудің қайда ұйымдастырылатыны әзірге белгісіз. Сонымен қатар, Кремль Америка басшысының ұсынысына әзірге жауап бермей отыр.
Ақ үйдің баспасөз хатшысы Джен Псакидің мәлімдеуінше, Вашингтон Мәскеумен стратегиялық қару-жарақ, киберқауіпсіздік, Иранмен арадағы ядролық келісім және өзге де мәселелер бойынша бірлесіп жұмыс істеуден үмітті. Және де қазір Құрама Штаттарды Украина шекарасы маңына Ресейдің ондаған мың жауынгерінің шоғырлануы да алаңдатып отыр.
Ақ үйден тағы бір жаңалық. Байден АҚШ әскерін Ауғанстаннан қыркүйектің 11-не дейін әкету туралы шешім қабылдады. Бұл дата 2001 жылы Нью-Йорктегі Әлемдік сауда орталығы мен Пентагонға жасалған алапат терактілердің 20-жылдығымен сәйкес келіп отыр. Айта кетсек, содан бері «Талибан» қозғалысы қайта күшейіп, елдің жартысынан астамын басып алды.
Байден әкімшілігі ескерткендей, тәліптер америкалық контингентті оқпен шығарып салуға әрекет етсе, «жойқын жауапқа» тап болады.
Арыстан Рысбек