Түркістан облысы: Кен қазушылардың кесірінен 10 шақты ауыл суға жарымай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысы: Кен қазушылардың кесірінен 10 шақты ауыл суға жарымай отыр

12.04.2021

Түркістан облысы Төле би ауданындағы 10 шақты ауыл енді 3-4 жылда шөл далаға айналуы мүмкін. Өйткені аймақтағы цемент зауыты іргедегі кенішті тереңдете қазып, артық тас алғандықтан таудан ағып келетін бұлақтар тартылып, жер асты суының қоры мүлдем азайып кеткен. Салдарынан мұндағы жұрт егін салып, мал бағуды да қойды. Бүйте берсе ішетін қара суға да зар болып, ауылды тастап көшеміз бе деп қорқады.

Ғани Қалмаханов, тілші:
Цемент зауыты бұл жерді осыдан 60 жыл бұрын кеніш ретінде қаза бастаған. Жылдар бойына үздіксіз жасалған жарылыстан қазір оның табаны 150 метрге дейін төмендеп кеткен. Салдарынан төңірегі өзен мен бұлақ сулары қазір осында құйылып жатыр.

Ақбастау, Ақжар, Талдыбұлақ пен Көз ата, Көк бастау мен Тамшы бастау. Қошқарта мен Жаман бұлақ. Қазір осы 8 бұлақтың тек атауы ғана қалды. Бастауы құрғап, арнасы қаңсып жатыр. 350-ден астам шаңырақ тіршілік ететін Ақбастау ауылы енді жалғыз Қотырбұлақтың суына қарап отыр. Оның өзі ауылдың жартысына әрең жетеді.

Әбдімомын Тоқтағұлов, Ақбастау ауылының тұрғыны:
Сол бұлақтардың көзінің жабылғаны салдарынан біздер бақшаны суарудан да, мал суарудан да қалдық. Енді келешегі ауыз суға да зар боламыз ба деп отырмыз. Егер ол құрыса біз мүлдем шөлде қаламыз.

Бұлағы тартылып, өзені сарқылған тек Ақбастау емес. Тағы оншақты ауыл бар. Олар да тап осы күйде. Өзегі талған жұрт ол аздай кеншіте жарылыс болған сайын үреймен отырады. Жойқын дүмпуден кейбір үйлердің қабырғалары жарыла бастаған.

Бибосын Елтаев, Ұйымшыл ауылының тұрғыны:
Біз осы жерден 12-13 шақырым жерде тұрамыз. Жарылған кезде терезелер дірілдейді. Гүрс еткенде соған дейін жетеді.

Ашынған ақбастаулықтар цемент зауытының басшылығына неше мәрте барды. Ондағылар айтқандарын жүре тыңдап, құлаққа да ілмейді. Амалсыз жуырда экология депратментіне арыз жазды.

Мәди Қожатайұлы Экология департаментінің бөлім басшысы:
14 сәуірден бастап жоспардан тыс тексеру жүргізуге прокуратураға акт жолдадық. Сол акті тіркелгеннен бастап жоспарлы тексеру жүргізіледі.

Тексеру барысында мамандар кеніш орнынан сынамалар алып, зертханада сараптап көрмек. Оның нәтижесі алдағы он күнде белгілі болады.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу