Алматыда көпшілік жиналатын орындарда вакцинациялау басталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда көпшілік жиналатын орындарда вакцинациялау басталды

12.04.2021

Алматыда соңғы тәулікте 6 мыңнан астам адам коронавирусқа қарсы вакцина салдырды. Жалпы мегаполис бойынша 250 екпе егу орнын ашу жоспарланса, қазір 200 пункт жұмыс істеп тұр. Өткен демалыстан бастап базарлар мен сауда, ойын-сауық орталықтарында да вакцинациялау орындары ашылып, іске кірісті. 

Нұрхан Нұрланұлы, тілші:
Вакцинациялау пунктіне келген пациенттердің алдымен дене қызуы өлшенеді. Одан кейін кіреберісте отырған мамандар оның қай емханаға тіркелгенін анықтап, әрі қарай терапевтер бөлмесіне денсаулығын тексеруге жібереді. Егер пациенттің жағдайы жақсы және барлық талапқа сай болса, арнайы орында күтіп, кезегі келгенде арғы жақтағы вакцинациялау бөлмелерінде екпе алып, кейін күту залында 30 минут бойы дәрігердің бақылауында болады.

Сауда орталықтарындағы екпе орындары таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін ашық. Әр пунктте екі ауысыммен 70-ке жуық маман жұмыс істейді. Екпе егудің алғашқы күндері 100-ден астам адамды қабылдаған мамандар пациенттер саны күн өткен сайын көбейгендігін айтады. Әсіресе, егде жастағылар белсенділік танытуда.

Гүлзат Байзахова, қалалық №5 емхананың бөлім меңгерушісі:
 Ең үлкен кісі бізде 87 жаста.  30 минут отырды. Ешқандай кері әсері болған жоқ. Бәрі жақсы.

Бүгін сауда үйіне келіп, өз еркімен екпе алғандардың бірі - Светлана Павелқызы. Сату менеджері болып жұмыс істейтін ол көпшілікпен байланыста болатындықтан, осындай шешім қабылдадым дейді.

Светлана Даченова, қала тұрғыны:
Мен 59 жастамын. Өзімді қауіпті аймақтағылардың қатарындамын деп ойлаймын. Қоғамдық көлікпен қатынаймын, адамдармен қарым-қатынаста болам. Сондықтан, екпе салдырып, індеттен сақтануды жөн көрдім.

Қаладағы вакцинациялау бойынша ақпарат алу үшін жедел желілер іске қосылған. Сондай-ақ, сауда орталықтарындағы екпе орындарының жанынан да байланыс орталықтары ашылып, түсіндіру жұмыстары жанданған. Сондықтан, көпшілік мұнда мамандардың кеңесінен кейін келгенін айтады.

Тоғжан Манабай, қала тұрғыны:
Дезинформацияларға сенбей, вакцинаны алу керек деп ойлаймын. Бұл қандай да болса қорғау. Осы қорғауды пайдаланып қалу керек. 

Айта кетейік, осы айдың алғашқы күнінен бастап қала бойынша 75 мыңнан астам адам вакцина салдырған. Олардың 15 мыңға жуығы екпенің екінші компонентін де алып үлгерген.

Нұрхан Нұрланұлы


Хабарламаларға жазылу