Қарағанды және Қостанай облыстарында жолдарды су шайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қарағанды және Қостанай облыстарында жолдарды су шайды

12.04.2021

Түркістан облысындағы су қоймалары 100 пайыз толды. Мамандар қауіп барын айтады. Қарағанды және Қостанай облыстарында жолдарды су шайды. Ал, Ақтөбе мен Павлодарда тұрғын үйлерге қауіп төнді. Аймақтардағы ахуалды Жақсыбек Кемал баяндайды.

«Суға кетіп жатыр, мінекей, алдымызда өтетін жеріміз жоқ». Ақтөбеде бірнеше үйді су басып, 20 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Кірпішті елді мекеніндегі кейбір үйлерге де қауіп төнді. Оқиға орнында жедел топ жұмыс істеді. Қазіргі уақытта тұрғындар үйлеріне қайта оралды.

Күрт еріген қар суы Павлодар облысы Ақтоғай ауданының Жалаулы, Шілікті ауылдарын шайып кете жаздады. Су алдымен көшелерді басып, көзді ашып-жұмғанша аулаларға жайылды. Ауыр техниканы жұмылдырып, дереу жеткен құтқарушыларға тұрғындар жәрдемдесті. Көптің көмегімен үйлер аман қалды.

Ал, Қарағанды облысының аумағында жолдарды су шайды. Осакаров ауданында Молодежный кентінен 7 шақырым жерде және «Қызылорда – Павлодар» республикалық автожолында қарғын су жүрген. «Нұр-Сұлтан-Қабанбай батыр-Нұра-Теміртау» автожолының бір учаскесінде көлік қозғалысы уақытша тоқтады. Дегенмен, қазір жағдай қалыпқа келді. Бүгін Нұра елді мекенінің жанында да қызыл су жүруде. Бірақ елді мекендерге әзірге қауіп төніп тұрған жоқ.

Қостанай облысында Әуликөл – Жалдама бағытындағы тас жолдың 92-ші шақырымын тасқын субұзып кетті. Қатты ағыс көтерме жолдың астындағы суағардың топырағын шайып,үңгіп құлатқан. Сондай-ақ Тобыл-Садчиков бағытындағы жолдың жиегі опырылып түскен. Сөйтіп екі бағытта да тәулікке жуық уақыт қатынас тоқтады. Мамандар су деңгейі төмендеген соң,бұзылған жерге топырақ үйіп, тегістеп қозғалысты қалыпқа келтірген. Облыс аумағындағы жолдардың қауіпті учаскелерінде кезекшілік ұйымдастырылған.

Жақсыбек Кемал




Хабарламаларға жазылу