Отандық QazCOVID-in вакцинасы сәуірде салына бастайды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Отандық QazCOVID-in вакцинасы сәуірде салына бастайды

11.04.2021

Отандық вакцинаға келсек, QazCOVID-in вакцинасын әзірлеген биологиялық қауіпсіздік мәселелері бойынша ғылыми-зерттеу институтының басшысы Күнсұлу Закария, сынақтан өткізудің үшінші кезеңі аяқталмаса да, сәуір айында оны жаппай пайдалана бастайтынымызды мәлімдеген. Бұл әлемде бар тәжірибе, мысалы, орыстар сөйткен. Оларды Батыс әлемінің медицина майталмандары сынаған. Дегенмен әлемдегі беделді ғылыми басылым - Lancet «Спутник V»вакцинасының тиімділік көрсеткіші 91,6 пайыз деп мәлімдеген.Біздің арнаның журналистері екпе салдырып бастады. Мен де сөйттім. «Чиптеу, заговор» деген түрлі әңгімелерге сенбеймін. Тек ғылымға, ғалымдардың материалдарына арқа сүйеймін. Әр адам әр түрлі қабылдайды. Күлбелтелейтін ешнәрсесі жоқ, менде жанама әсер болды. Екінші күні әлсізденіп, қалтырап тоңдым. Сосын қалпыма келдім. Бір кісілер жазды – бұйрыққа сай вакцина салып жатырсыздар деп, тіпті ине салынғанына күмән келтіріп. Бұйрыққа құп дейтіндей, қалайы солдат па екем? Екіншіден, өз денсаулығыммен ойнайтындай ақымақпын ба? Әрине, тәуекел бар. Бірақ өмірім үшін де тәуекелге барамын. Сонымен бірге экономикалық, әлеуметтік, тіпті рухани дағдарыстан тезірек шығу үшін елдің алпыс проценті егілуі керек. Әрине, сенбеушілік болады. Біздегі сенбеушіліктің басты себебі неден шығатынын өткен бағдарламада бердік.

Енді вакцинаның адам өміріндегі рөліне байланысты бірер сөз. Полиомиелит дерті – ХІХ ғасырдың соңы, өткен ғасырдың басында жаһан жұртын жайлаған аурудың бірі еді. Ғалымдардың дерегінше аурудан жыл сайын 600 мың адам көз жұмған, жалпы қатерлі вирус құрбаны 20 млн-ға жеткен. Басым бөлігі балалар. Жұқпалы дерт - шешектен кейін ең қауіпті ауру саналады. Жүйке жүйесін, жұлынды зақымдайтын инфекциялық ауру асқынса, адам сал болып қалады немесе көз жұмады. Алғашында лас су мен тамақ арқылы тараған ауру, кейін, адамнан адамға түшкіріп, жөтелгенде жұға бастады.

Науқастарға демеу беретін жалғыз аппарат «Темір өкпе» деп аталатын құрылғы еді. Металлдан жасалған керует тәрізді арнайы төсек науқастардың тыныс алуына септеседі. Бірақ ауруды емдей алмайды. Кей мамандар мұны «танкі» деп те атаған. Ішінде адамдар апталап, айлап, кейбірі өмірінің соңына дейін жатқан. Бұл дерттің қауіптілігі сол, науқастардың 70 пайызы симптомсыз түрімен ауырып, кейін асқынған. Тек 1952 жылы америкалық дәрігер Джонас Солк полиомиелитке қарсы екпе ойлап тапты. Соның нәтижесінде 1 жарым млн адамды ажалдан аман алып қалды, 16 млн халықты мүгедек болудан сақтады. Қазір бұл ауру көп елдерде түбегейлі жойылды. Десе де, Ауғанстан, Пәкістан, Нигерия сияқты мемлекеттерде әлі де бар. 2019 жылы әлем бойынша 176 жағдай тіркелген.

Халықаралық бағдарламаның нәтижесінде ауруды 99 пайызға ауыздықтау мүмкін болды. Полиомиелит эпидемиясы Қазақстанда алғаш рет 1949 жылы тіркелді. Ал 1950 жылы КСРО елдерінде вирус 17000 адамнан анықталды. 1957 жылы кеңес вирусологтары Америкаға барғаннан соң олардың вакциналары КСРО-да шығарыла бастады. Артынша кеңестік ғалымдар да ауруды зерттеп, вакцина ойлап тапты.


Хабарламаларға жазылу