Ақтаудағы өндіріс орнында өрт шығып, бір адам қаза тапты - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтаудағы өндіріс орнында өрт шығып, бір адам қаза тапты

19.12.2018

Ақтаудағы «Маэк-Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорнында газ құрылғысынан өрт шығып, бір адам қаза тапты. Қайғылы жағдай осыдан бір апта бұрын болған. Нөмірі екінші жылу электр орталығындағы газ құрылғысын жөндеу барысында газдың қысымымен сыртқа от шығып, 35 жастағы жұмысшы күйіп қалды. Сол күйіктің салдарынан ол ауруханада 5 күннен кейін көз жұмған. Оқиғаның себеп-салдары анықталып жатыр. Қаза болған азамат осы мекемеде 12 жылдан бері жұмыс істейтін тәжірибелі маман болатын.  

Азамат Сәрсенбаев, Маңғыстау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы:

- Науқас 12 желтоқсанда облыстық ауруханаға жатқызылды. Оның денесінің 50 пайызын күйік шалған. Есеңгіреп қалған болатын. Оған алдын ала термиялық күйік диагнозы қойылды. Жансақтау бөлімінде қажетті медициналық көмек көрсетілгенімен, өмірін сақтау мүмкін болмады.

Қолғанат Нұржаубайұлы, «Маэк-Қазатомөнеркәсіп» ЖШС Бас директорының қоғаммен байланыс жөніндегі кеңесшісі:

- Оқиғаның себебі техникалық қауіпсіздіктің сақталмауында. Кімнің тарапынан жұмысшының тарапынан ба әлде, соған жауапты азаматтардың тарапынан ба, оны инспекцияның құрған комиссиясы анықтайды. Біз ол туралы ештеңе айта алмаймыз.

Аягөз ОРАЛБАЙҚЫЗЫ

«YouTube»-тағы «Qazaqstan TV» арнасына жазылып, AppStore және Google Play сервистерінен «Qazaqstan TV» мобильді қосымшасын тегін жүктеп алыңыз.

Хабарламаларға жазылу