Қостанайдың іргесіндегі Қонай ауылының тұрғындары тура мағынасында толарсақтан саз кешіп жүр. Бес жыл бұрын қаланың құрамына кірген елді мекенге былтыр көше бойын қазып газ, су тартқан болатын. Енді сол нығыздалмай бос көмілген топырақ күн жылығанда езіліп, су толған шұңқыр мен орға айналған.
Алшаң басып еркін адымдау күн жылығаннан бері қонайлықтардың арманына айналды. Көпшілік себепсіз далаға шықпауға тырысады. Шыққан күнде де резеңке етіксіз алысқа ұзай алмайсыз. Соның өзінде аңдап баспасаңыз аяқ астындағы топырақ опырылып кетіп, омақаса құлауыңыз мүмкін.
Сәбира Нұрғалиева, Қонай ауылының тұрғыны:
Дүкенге келіп жүрмін. Былай қай жер құрғақ сол жермен келемін. Жалпы шығып жатқан жоқпын. Үйдемін зейнеткермін. Ал жүріп жүргендерге өте қиын.
Ал көшеде көлікпен жүру қатерге бас тіккенмен бірдей. Сондықтан жұрт темір тұлпарын күре жолдың бойына қаңтарып, үйіне жаяу келеді. Тәуекел еткендер тесікке түсіп техникасын зақымдап жатыр.
Қайрат Елеусізов, Қонай ауылының тұрғыны:
Осындай 100 метр сайын үш құдық бар. Кеше осы жерге машина түсіп кетіп трактормен шығарып, машинаның моторына су кіріп кеткен. Осындай құдықтар газ қазған кезде пайда болған. Былтыр осы жерде кәдімгідей жол болған. Құдық қазғаннан кейін төменге қарай кетіп жатыр. Адамды, көлікті көтермейді.
Атымтай Тұрсынбаев, Қонай ауылының тұрғыны:
Қар ерігеннен бері жол жоқ. Автобус кірмейді. Трассадан тастайды да трассадан кетеді.
Қала әкімдігіндегілер жағдайды көріп, біліп отырғандарын айтады. Коммуникация жүргізген мердігер компанияларға көп ұзамай көшенің ой-шұқырын тегістетеміз дейді. Бірақ Қонайға қашан тақтайдай тегіс асфальт төселетіні әзір белгісіз.
Нұржан Құрманғалиев, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
Қазір айта алмаймыз оны. Өйткені жоба енді жасалып жатыр. Әлі мердігер жоқ. Мердігер белгілі болғасын нақты айта аламыз.
Қалаға қосылған Қонайға 30 бесқабатты, екі мыңға жуық жеке тұрғын үй салу жоспарланған. Жаңа шағынаудан алдағы уақытта толық коммуникациямен қамтылып, жолдары да асфальтталады. «Сондықтан тұрғындарды уақытша қиындыққа төзімділік танытуға шақырамыз». Әкімдіктегілердің айтар уәжі осы.
Дәуренбек Әбдібек