Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ҚР АҚДМ қолдауымен «Balapan» телеарнасы «Қазақстан – қызғалдақтар мекені» атты анимациялық хикаяны жарыққа шығарды.
Жобаның іске асырылуына Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы идеялық негіз болды. Нұрсұлтан Назарбаев аталған мақалада Қазақстан – қызғалдақтың Отаны екендігін атап келе:
«Өзіндік мән-маңызы зор бұл өсімдіктер осы жерде бүр жарып, жер жүзіне таралған... Қазақ топырағындағы осынау қарапайым, сондай-ақ ерекше гүлдер өз әдемілігімен көптеген халықтың жүрегін жаулап, біртіндеп бүкіл әлемге тарады», — деп жазған болатын.
Анимациялық телехикаяның басты мақсаты – өскелең буынға ғажайып гүлдің тарихын, ерекше қасиеттерін таныстыру арқылы оны қорғауды, көбейтіп өсіруді насихаттау.
Оқиға желісі бойынша, айықпас дертке шалдыққан Голландия елінің сұлу да мейірімді ханшайымын Алатаудың баурайында өсетін ерекше гүлдің қайнатпасымен ғана емдеуге болады. Қайтсем де қызғалдақтар мекеніне жетем деген ханзада нөкерлерімен бірге алыс сапарға аттанып, шытырман оқиғаларға тап болады. Осылайша, 10 бөлімнен тұратын мультхикаяда әлем жұртшылығының сүйікті гүліне, қазақ даласының символына айналған қызғалдақтың Еуропаға бару жолы баяндалады.
«Қазақстан – қызғалдақтар мекені» анимациялық сериалы 17 сәуірден бастап әр сенбі-жексенбі күндері сағат 20:40 және 23:20-да «Balapan» телеарнасынан көрсетіледі.